Ақан сері атындағы облыстық филармонияда эстрадалық және джаз музыкасы оркестрінің қатысуымен концерт өтті.
Филармония әншілері Дәмеш Құрманкина, Медет Ибадуллаев, Асхат Таушев, Юлия Стадухина, Светлана Логвиненко әннен шашу шашса, “Сенсетив”, “Мәңгілік”, “Әдемі-ау”, “Арай” би ансамбльдері өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген “MIAMI”, “Melomix” топтарының орындауындағы әндер көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
– Көпшілік қауымды рухани ләззатқа бөлеген кештен жақсы әсер алдық. Өнерпаздардың орындауындағы әндерді тыңдап, бір серпіліп қалдық. Әсіресе өңір сахнасының сандуғашы – Дәмеш Құрманкинаның орындауындағы әндер құлақ құрышын қандырды. Филармония әртістерінің әрқайсысының өнері көңілден шықты. Өнерпаз жастардың шығармашылығына тәнті болып, риза көңілмен тарқастық, – дейді қала тұрғыны Әлия Қыдырбаева.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.