«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘН МЕН КҮЙДЕН ШАШУ ШАШТЫ

Қызылжар өңірінде ән мен жырдың ордасына айналып үлгерген Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі өзінің “Қысқы ертегі” атты концерттік бағдарламасын өнерсүйер қауым назарына ұсынды.

Оркестрдің дирижерлік таяқшасын 2010 жылдан бастап қолға алған ұйымның жетекшісі Қайырлы Ғафуровтың айтуынша, аталмыш концерттік бағдарлама – өткен жылы жергілікті көрерменге жол тартқан “Қысқы ертегінің” жалғасы. Шараға жақсы даярлықпен келгенін, оркестр құрамында қырыққа тарта орындаушы бар екенін тілге тиек еткен жетекші орындаушылар негізінен бас-домбыра, шертер, альт, прима, саз-сырнай, шаңқобыз, басқобыз, контрабас, баян және басқа да аспаптарда өнер көрсететінін айтты.

Оркестр кеш шымылдығын А.Серкебаевтың “Арнау” туындысымен ашты. Екі сағатқа созылған шара барысында Қайырлы Ғафуровтың жетекшілігіндегі оркестр Мағжан Жұмабаевтың, Жаяу Мұсаның, Беккердің, Исаевтың, Гридиннің, Штраустың, Бизенің және Құрманғазының классикалық шығармаларын орындады. Ал Наталья Савельева мен Наталья Пневских “Зимняя сказка”, Дәмеш Құрманкина “Жалт-жұлт еткен дүние-ай” және “Аңсап келем туған жер”, Ермек Бірімжанов “Айттым сәлем, қалам қас” әндерін құйқылжата шырқады.  

Сондай-ақ, аргентиналық композитор Астор Пьяццолланың әдетте оркестрдің сүйемелдеуімен орындалатын “Либертангосын” Галина Антоненко аккордеонмен, ал Асхат Ғалеев Курбониеннің “Навои-Шарк” шығармасын домбырамен орындады.

Жеке орындаушылардың әндері де қызылжарлықтардың жүрегіне жол таба білді. Атап айтқанда, өткен жылы облыс орталығында тұңғыш рет жеке концертін берген Астанадағы Ұлттық өнер университетінің түлегі, жас әнші Біржан Есжанов “Қарышта, Қызылжарым!” және “Ах, ты душечка” туындыларын әуелеткенде көрермен қауым ұзақ қол соқты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp