Ақан сері атындағы облыстық филармонияда “Ән салдырған, тамсандырған – Қызылжар!” атты ІІ облыстық дәстүрлі өнер фестивалі өтті. Биыл атаулы шараға 20 өнерпаз қатысты.
Дәстүрлі өнер фестивалін ұйымдастырудағы басты мақсат – ұлттық өнерді дәріптеу, аспандағы аққуға үнін қосқан Сегіз сері, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай сынды жерлес сал-серілердің дара жолын жалғастырып, ұрпақ сабақтастығын дамыту.
– Болашақта өнер фестивалін республикалық деңгейде өткізу ойда бар. Биылғы шара ерке Есілдің жағасында өткізілуі тиіс еді. Бірақ елдегі жағдайға байланысты біз көрермендердің санын шектеп,филармония ғимараты ішінде ұйымдастырдық, – деді дәстүрлі әнші Біржан Есжан.
Амангелді Рамазанов, Дәстен Баймұқанов, Балтабай Рамазанов, Таңат Бейсенбаев, Жанат Айтбаев бастаған аға буын сахнаның сәнін келтірсе, Біржан Есжан, Еркебұлан Қаріпов, Ғалымжан Нұрпейісов, Бәйімбет Құбайдолла, тағы басқа өнерпаздар тамылжыта, тамсандыра ән салды. Дәстүрлі әнге шөліркеген көрермен бұл кеште Біржан салдың “Ғашығым”, “Екі жирен”, “Айқаракөз” сынды ұмыт бола бастаған әндерін тындап, құлақ құрыштарын қандырды. Қызылжардың аспанын әнге бөлеген өнерпаздар осылайша көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Шара соңында қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Майгүл СЕЙІЛБЕК.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.