
Қанатымен су сепкен қарлығаштай өңірдегі қазақ ән өнеріне үлес қосып жүрген Біржан Есжанның есімі облыс жұртшылығына ғана емес, республикаға да етене таныс. Талай байқауларда бәйге алған азамат үшін өткен жыл толағай табыстармен есте қалды.
Есіл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген Біржан облыс орталығындағы өнер колледжінде Жанат Айтбаевтан тәлім алды. Колледжді тамамдаған соң оған Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева сияқты өнер майталмандарынан білім алу бақыты бұйырды.
Аз уақыттың ішінде биік белестерді бағындырған өнерпаздың жетістіктері аз емес. Республикалық, халықаралық ән байқауларының бірнеше мәрте лауреаты атанған бағы мен бабы келіскен өнерпаз 2019 жылы ақын, әнші, композитор Біржан салдың 185 жылдығы және Балуан Шолақтың 155 жылдығына арналған “Арқа әуендері” атты Көкшетауда өткен аймақтық дәстүрлі әндер байқауында, Атырау қаласында өткен “Әндария” атты республикалық сайыста бас жүлдені қанжығасына байлады. Оған қоса Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері атанды. Өткен жылдың соңында Қызылорда қаласында Ғани Мұратбаев атындағы республикалық байқауда арнайы марапатқа қол жеткізіп, төсбелгімен марапатталды. Жаңа жыл қарсаңында теңін тауып, шаңырақ көтерді.
Төл өнерді дәріптеп жүрген Біржан өзі білім алған колледждегі оқытушылықтан бөлек, басқа білім ордаларында оқушылармен кездесулер ұйымдастырып, өскелең ұрпақты қазақтың ән-жырымен сусындатуда. Облыс аудандарына да жиі ат басын бұрып, көпшілікті әнімен қуантуда.
– Өткен жылдың жақсылығы аз болған жоқ. Меніңше, өмірде бар игілікке еңбек арқылы қол жеткізуге болады. Сондықтан жаңа жылға жаңа жоспармен қадам бастық. Бұған дейін өңірде тоғыз концерт берсем, биыл тағы бір шығармашылық кеш өткізуді жоспарлап отырмын. Сол концертте педагогикалық бағыттағы еңбегімнің нәтижесін көрсеткім келеді, – деді облыстық филармонияның әншісі Біржан Есжан.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.