«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘН ӘЛЕМІНЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Талай мәрте халықаралық байқауларда Қызылжар өлкесінің намысын қорғап жүрген жас әнші Әділхан Макин бүгінде Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің II курсында оқиды. Онымен адамзатты тазалыққа, кіршіксіздікке үндейтін өнер әлемі, бүгінгі әнсүйер қауымның талғамы, эстрада өнерінің өңіріміздегі жай-күйі турасында әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Әділхан, өнер адамға текпен келетін құбылыс қой. Сіздің әншілік салаға бет бұруыңызға, өміріңізді сол соқпақпен байланыстыруыңызға ата-анаңыздың, туыстарыңыздың немесе нағашы жұртыңыздың әсері тиген болар?  

– Менің әншілікті таңдауыма ата-анамның да, туыстарымның да қатысы жоқ. Олардың барлығы өмірдің бұйыртқан түрлі салаларында жұмыс істеп, нәпақаларын табуда. Мысалы, анам заңгер болса, әкем әскери салада қызмет атқарады. Бала күнімнен, қателеспесем, Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте оқып жүрген кезімде мектепаралық ән байқауларына қатысып, ән айтуға деген қызығушылығым ояна бастады. Кейін оқуымды классикалық гимназияға ауыстырғанымда да әнші болсам, үлкен сахналарда ән шырқасам деген ой маза бермеді. Алайда, аузы жыбырлағанның барлығы бірдей көмейіне бұлбұл ұя салған әнші атанбайтынын түсініп, арман жолында көп тер төгуді, ізденуді, хас өнердің нағыз шеберлерінің жүріп өткен жолдарын білуді, салған әндерін айтуға машықтануды ұғындым. Сөйттім де, тоғызыншы сыныпты бітіре салысымен ойланбастан, Петропавлдағы өнер колледжінің академиялық вокал мамандығына түсу үшін құжаттарымды тапсырдым. Шығармашылық емтихан тапсыру барысында дауысымның кең тыныстылығына, мәнеріне оң баға берген кәсіби ұстаздар менің аталмыш мамандыққа грантқа түсуіме себепші болды.

– Менің білуімше, Петропавлдағы өнер колледжін бітірген соң халықаралық “Жас қанат” байқауына қатысып, Астанадағы беделді өнер ордасында оқуға мүмкіндік алдыңыз…

– Иә, 2012 жылы Астана қаласында өткізілген “Жас қанат” байқауы менің елордаға барып, білім қууыма, өнер майталмандарының алдын көріп, сабақ алуыма мүмкіндік тудырды. “Жас қанат” ән өнеріне қанат сермеген өнерпаздардың қолтығынан демеп, армандарын алға жетелейтін бірегей сайыс қой. Аталмыш ән бәйгесінің дипломанты атанғаныма қуанып, төбем көкке жеткендей бақытты күйде болдым. Мен үшін маңыздысы, жүлде алып, айтарлықтай сыйақыға кенелу емес еді. Әр өңірдің үмітін үкілеп келген ондаған қауырсын қанат әншілермен етене танысып, әнге деген көзқарастарымен бөлісіп, кең көсіле пікір алмасу болатын. Әншілік жолымда баспалдағыма айналған сол сайыста танысқан жандармен бүгінге дейін шығармашылық байланыс орнатып, қоян-қолтық араласып тұрамын.

“Астана – арман қала!” деген сөзді қанатты тіркеске айналдырып алғандаймыз. Бәз-біреулер үшін солай шығар, менің білуімде “Астана – армандарды орындайтын қала”. Өйткені, елордада білім алсам деген ойымның жүзеге асуына жәрдемші болған да – Есілдің жағасындағы әсем шаһар.

– “Жас қанатқа” қоса, Алматыда өткен “Франкофония”, халықаралық “Шабыт” фестивалінде жүлделі орындарды еншілеп, өңір абыройын асқақтаттыңыз. Сіз үшін алған жүлделеріңіздің өзі ондай маңызға ие болмаса да, талаптың ұшталып, еңбектің лайықты бағаланғаны кез келген адам үшін ғанибет қой! Биік белестерді бағындырып, шынайы талант иесі атану үшін әншіге қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз?

– Бұл сауалға өнер жолында жүріп, ыстығына күйіп, суығына тоңа білген адамдардың барлығы “бір пайыз талант, қалған тоқсан тоғызы еңбек” деп жауап қайтарары анық. Ол пікірмен мен де толық келісемін. Аталған екеуінен өзге өзін болашақ қазақ сахнасының иесімін деп сезінетін, ән әлемінің жарқын жұлдызы деп елестететін әрбір әнші үнемі жаңалық ашуға ұмтылу керек деп ойлаймын. Мейлі киім үлгісі, сырт сымбаты, тіпті, әнді тыңдарманға жеткізу әдісі жағынан болсын үнемі өзін жаңа қырынан көрсетіп, көрерменнің көңілінде қайталанбас образ болып қалуға тырысуы тиіс. Және өз іс-әрекеттерінің астарында біздің менталитетімізге жат Батыс халқының бояуы емес, ұлттық болмысымыздың үні естілетіндей қазақылықтың қайнары жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Бүгінде, жасыратыны жоқ, аузы барлардың бәрі әнші атанып, бір-екі бейне-баян түсіргендердің дені “жұлдыз” ауруына шалдығып жүр. Жұлдыз демекші, кезінде ұстаздарымыз “сол аты белгісіз аурумен өнер адамдарынан өзге, қарапайым жандар да ауыратын көрінеді. Алғашқысы жұлдыз болдым деп, ал кейінгісі жұлдыз атанбай қалдым”, деп ауырады екен” деп әзіл-шыны аралас айтушы еді.

– Мұғаліміңіз дұрыс айтыпты. Психологтер он алты-он жеті жасты бағындырған бозбалалар мен бойжеткендерді өтпелі кезеңнің белортасында жүр деп есептейді. Сол жасында игі істерді жасауға ұмтылып, жетістікке жетсе, бір биікті бағындырса, өз ісіне масаттанып, әлемде өзінен басқа жан жоқтай, халық өнерінің өркендеуіне еңбегін сіңірген нағыз майталмандай сезінері анық. Мұндай жағдай менің де басымнан өтті. Алайда, өнер жолымда дұрыс бағыт сілтеуші ұстаздарым уақытша қуанышқа алданбай, өз жолымды қалыптастыру үшін кеуде керіп, көкірек қағуыма жол бермеді. Петропавлда мектепте оқып жүргенімде музыка пәнінің мұғалімі Шынар Темірханова апайым, өнер колледжінде Әділ Нұрахметов ағайым менің қалыптасуыма көп септесті.

– Үстіміздегі жылдан бастап Әлия Назарбаеваның “Жандану әлемі” қоры балалардың “BALA Turkvizyon – 2015” халықаралық ән байқауын өткізуді қолға алғанын білеміз. Соған орай алдағы тамыз айында өңіріміздің дарынды өнерпаздарының өнерін тамашалап, баға беру мақсатында Петропавлға арнайы келмексіз бе?

– Иә. Түркітілдес елдердің тарихында тұңғыш рет қолға алынған аталмыш ән байқауының салтанатты ашылуы 30 мамырда Алматы қаласында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтті. Халықаралық додаға жиырмадан астам жүзден жүйрік жезтаңдайлар қатысады деп күтілуде. Оларды әділ іріктеу мақсатында әр өңірдің есімін талай ән сайыстарында асқақтатқан әншілер туған жерлеріне арнайы барып, өнерпаздарды тыңдап, болашағынан үміт күттіретін жандарды іріктемек. Туған жерімдегі үмітін үкілеген үміткерлерді бағалау маған тапсырылды. Кім біледі, ертең ортамыздан шынайы талант иесі табылып, қызырлы Қызылжар атын Түркіменстанның Мары қаласында өтетін ақтық сында абыроймен қорғайтын шығар. Шын жүйрікті саралау үшін бар тәжірибемді пайдаланатын боламын.

– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Жақында үш әнші жігіт басымызды біріктіріп, “Саламат” деп аталатын топ құрдық. Трионың орындауында жаңа ән жаздырдық. Бүгінде өңдеп, сахнаға алып шығып, тыңдарманға ұсыну үшін қызу дайындық үстіндеміз. “Өнерлінің ырысы жарқырап жатар жолында” дегендей, бізді шақыратын күнделікті концерттерде, бағдарламаларда өзімізді жақсы қырымыздан көрсетуге тырысып бағудамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp