«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘРДАЙЫМ АЛҒЫ ШЕПТЕ

 

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Есіл ауданының Мектеп ауылында ауыр халде жатқан екі айлық баланы төтенше жағдайлар қызметкерлері бірнеше сағат бойы қар басып қалған жолды аршып, дер кезінде облыс орталығына жеткізіп еді. Осылайша, көмекке мұқтаж жандардың бас амандығын өз өмірлерінен де артық көретін құтқарушылар айтып келмейтін түрлі апаттарды ауыздықтауда аянбай еңбек етіп келеді. Сондықтан да олардың еңбегін ел жоғары бағалайды. Мұны құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов та атап өтті.

– Күн сайын кез келген қауіп-қатерге даяр тұру – үлкен құрметке лайық қызмет. Сіздердің ерліктеріңіз бен ерен еңбектеріңіздің, біліктіліктеріңіздің арқасында жүздеген адамның өмірі мен мүлкі сақталуда, – деген өңір басшысы биылғы су тасқынында құтқарушылардың жұмыла істеген сапалы жұмысына алғысын білдірді. Осы орайда қызметін абыроймен атқарып жүрген бірнеше құтқарушыларды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке “УАЗ” автокөлігін сыйға тартты.

Өткен 25 жыл ішінде апаттық жағдайларға ұшырап, өмірі қыл үстінде тұрған 330 мыңнан астам адам құтқарылып, 34 мың зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілген. Ал былтырғы қыстың қаһарлы күндерінде бес мыңға жуық адам мен екі мыңға жуық техниканы қар құрсауынан құтқарып, шыңылтыр аязға шыдас берген де осы құтқарушылар. Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне міндеттерін жоғары кәсіптік деңгейде атқаруы үшін жергілікті билік тарапынан да зор қолдау көрсетілуде. Үстіміздегі жылы облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, ведомствоның материалдық-техникалық базасы нығайтылған. Соңғы уақытта төтенше жағдайлардың саны 43 пайызға төмендеп, адам шығыны да азайған. Осыны тілге тиек еткен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттiң бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигi Павел Филиппов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың құттықтауын оқып, бірқатар әріптестерін ведомстволық наградалармен марапаттады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp