«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘРІПТЕСТІК АРТЫП КЕЛЕДІ

Өңіріміз Ресейдің шекаралас облыстарымен арадағы экономикалық байланысты одан ары нығайтып, сауда-саттықты арттыруды көздеп отыр. Соңғы уақытта іскерлік кездесулердің жиі өткізілуі сөзімізге дәлел. Әзірге импортымыз экспорттан бірнеше есе көп. Мақсат бәсекеге қабілетті өнімдерімізді көрші ел нарығына көптеп шығару. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорында Түмен облысының іскер тобымен болған кездесуде әріптестікті арттыру жайы тағы бір пысықталды.

Түмен – Ресейдің экономикалық әлеуеті зор аймағы. Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері үшін үлкен нарық. Көршілеріміздің де өз көздегендері бар. Бүгінгі таңдағы Түменмен арадағы алыс-беріс жайына көз салсақ, импорт 80, ал экспорт 20 пайызды ғана құрап отыр. Бұл қазақстандық өнімге сұраныс жоқ, өтімсіз дегенді білдірмесе керек. Мәселен, өңіріміздің 20 кәсіпорны сәуірдің 16-сы күні Түмен облысында өткізілетін жәрмеңкеде өз өнімдерін сатпақшы.

– Түмен қаласында дүкен ашуды көздеп отырған кәсіпкерлер бар. Онда тек солтүстікқазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін саудаға қоюды ұсынуда. Айтуларынша, оларға біздің өнімді әр жерден іздеп жүрмей бір сауда орнынан сатып алу ыңғайлы көрінеді, – деді ресейліктермен кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев.

Жиын барасында “Даму” қорының мамандары еліміздегі бизнесті қолдау шаралары туралы айтып берді. Кәсіпкерлерге бөлінетін несие, кепілдеме, субсидия сынды демеу көрсетудің 70-тен астам тетігі бар екені айтылды.

Түмен облысы инвестициялық саясат және кәсіпкерлікті қолдау департаменті директорының орынбасары Андрей Шальневтың айтуынша, бұл кездесу екі жаққа да тиімді болды.

– Тәжірибе алмасудың маңызы зор, бір-бірімізден үйренеріміз көп. Қазір Ресейде де шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше ден қойылуда. Сіздерде де мемлекет кәсіпкерлерге, инвесторларға үлкен қолдау көрсетіп жатқандығынан хабарымыз мол, – деді ол.

Кездесу барысында екі елдің кәсіпкерлері бетпе бет жүздесіп, іскерлік қарым-қатынас орнату жайын талқылады. Мысалы “Единство” ЖШС ресейліктерден құрылыс материалдарын жасауға қажетті арматуралар сатып алуды көздесе, ауыл шаруашылығы басқармасы “Құлан” бағдарламасы бойынша жылқы әкелмек. Бұл кездесу екі облыстың да іскер азаматтарына пайдалы болды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp