Қазақстан мен Ресей елдерінің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі болмақ. Алқалы жиында талқыланатын туризмді дамыту тақырыбы да қос тарап үшін өзекті. Соңғы жылдары өңірімізде ішкі туризм саласын дамыту, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізілгенін де ерекше атап өткен жөн.
2017 жылы Ресейдің Челябі қаласында өткен алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті форумды Петропавл қаласында өткізуді ұсынған болатын. Мұндай маңызды да ауқымды шараны ұйымдастыру – Солтүстік Қазақстан облысы үшін үлкен абырой. Облыс орталығы бірнеше күн бойы көршілес елдер арасында ішкі туризм саласындағы бірлескен істер мен нақты шешімдердің орталығына айналмақшы. Бүгінгі күні Қызылжар еліміздің астықты өңірі ғана емес, құрылыс, өнеркәсіп, туризм салалары да қарқынды дамып келе жатқан аймақ ретінде танылуда. Сондықтан “Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері” тақырыбындағы ХV форумның біздің шаһарда өткізілуі өңіраралық ынтымақтастық пен іскерлік байланыс аясын кеңейте түспек.
Соңғы жылдары облысымызда ішкі туризм саласы қарқынды даму үстінде. Атап айтқанда, өңірімізде мәдени-тарихи, ойын-сауық, жағажай демалысы, қысқы туризм, сондай-ақ, қысқамерзімді және белсенді демалыс орындарын дамыту қарастырылуда. Бүгінгі күні бізде 30 туристік бағыт бар. Есіл, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын аудандары және Петропавл қаласының ерекше табиғаты мен туристік қызмет түрлеріне қызығушылық танытатындар аз емес. Ал Айыртау ауданында орналасқан Имантау-Шалқар демалыс аумағы ерекше сұранысқа ие. Бұл ауданда тарихи-мәдени, емдеу-сауықтыру, спорттық, аңшылық пен балықшылық кәсіптер қанат жаюда.
Екі ел арасындағы экономикалық байланысты одан әрі нығайта түсуге бұл форумның қосар үлесі зор екендігі айтпаса да түсінікті. Форум аясында Петропавл қаласына бір мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде. Маңызды шараны жоғары деңгейде өткізу үшін дайындық жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Облыс орталығын абаттандыру бойынша кешенді жоспар жасалды. Маңызды шара қонақтарының көпшілігі әуе және автомобиль жолдарымен келетіні ескеріліп, Петропавл халықаралық әуежайы жаңғыртудан өтті. Резервтік қордан бөлінген қаржыға ұшып-қону жолағы кеңейтілді. Сондай-ақ, “Астана – Петропавл” жолы қалпына келтірілді. Ұзындығы 60 шақырым болатын облыс орталығы мен Ресей шекарасы арасындағы тасжол, қалаға кіреберістегі көпір жөнделді. Оған “Нұрлы жол” бағдарламасы шеңберінде 1,2 миллиард теңге қаржы бағытталды. Сиқы кеткен теміржол вокзалы жаңарып, жедел саты, эскалатор қойылады. Көшелерге электр қуатын үнемдейтін шамдар орнатылуда. Қалалық Мәдениет және демалыс саябағы, Қазақстан Конституциясы көшесі қайта қалпына келтірілді. Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылды. Осылайша, қаланың келбеті жаңа кейіпке енді.
Петропавлға келетін қонақтарды орналастыру мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Жүргізілген жоспарлы жұмыстың нәтижесінде облыс орталығында қала қонақтарына 21 қонақүй қызмет көрсетеді. Олар “Скиф”, “Қызылжар”, “Алтын Адам”, “Green Which” сияқты таңдаулы мейманханалар. Сондай-ақ, жақын күндері Петропавлда төрт жұлдызды “Hampton by Hilton” сауда-қонақүй кешені пайдалануға беріледі. “Алтын Адам”, “Қызылжар”, “Скиф” қонақүйлерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта “Telegraph” және “Restoration” демалыс кешендерінің құрылысы аяқталады. Осылайша, өңірімізге келетін меймандарға әлемдік стандартқа сай қызмет көрсетілмек.
Өңірдің танымалдығын арттыру бойынша біраз жұмыс атқарылуда. Мысалы, “National Geographic” халықаралық журналымен бірлесіп, ақ қайыңдар өлкесінің сұлу табиғатына экспедиция ұйымдастырылды. Бұл шараның қорытындысы бойынша облысымыз туралы журналдың жеке нөмірі шығарылып, фото мен бейнематериалдардың қоры дайындалды.
Қазіргі уақытта облысымыздың ішкі туризм әлеуеті туралы ақпарат беретін арнайы портал іске қосылды. Сондай-ақ, www.touristm-forum.kz атты ынтымақтастық форумының арнайы сайты ашылды, “Facebook” және “Instagram” әлеуметтік желілерінде ашылған арнайы парақшаларда, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының сайтында маңызды шараның ақпараттары жарияланады.
Қазақстан және Ресей президенттерінің қатысуымен өтетін өңіраралық форум қонақтарын қарсы алуға 170 ерікті тартылмақ. Арнайы шақырылған жаттықтырушылар, психологтер адамдармен тез тіл табыса алатын, облыс, қала тарихын жақсы білетін жастармен жұмыс жүргізіп, түрлі бағыттар бойынша даярлауда. Олардың арасында бұған дейін Астана қаласында өткен “ЕХРО – 2017” көрмесі және футболдан “Er Janibek cup” халықаралық турнирі сияқты маңызды шараларға қатысып, тәжірибе жинақтаған еріктілер де бар.
Қонақтар өңіріміздің табиғаты ең сұлу жерлерін, туристік нысандарын тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі таңда облысымыздың табиғи және тарихи әлеуеті экологиялық, спорттық, жағажайлық, мәдени-сауықтық, танымдық және медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе, соңғы жылдары ерекше танымалдыққа ие болған экологиялық туризм бойынша мүмкіндігіміз жоғары. Форум барысында туризмнің бұл түрі басты тақырыпқа айналады.
Екі мыңнан астам көлі бар өңір бұл көрсеткіш бойынша ел ішінде бірінші орында болса, орманды алқаптары жағынан – екінші, жол ұзындығы бойынша үшінші орында тұр. Бүгінгі таңда 16 табиғи аумақ ерекше қорғауға алынса, алты нысан – “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасының тізіміне енгізілген. Ал Имантау-Шалқар демалыс аймағы, Согров, Смирнов және Мамлют қорықтары, “Серебряный бор” және “Мальцевский бор” демалыс аймақтары, Сергеевка су қоймасы кімді болмасын қызықтырмай қоймайды. Жазық даласы мен орманды алқаптары, сан түрлі өсімдіктері, Есіл өзені бойындағы көз тартар ландшафтар – табиғаттың үлкен сыйы.
Оқушылар сарайындағы бас алаңда екі ел президенттерінің, сала мамандарының, танымал компаниялардың қатысуымен пленарлық отырыс өтеді. Өңіріміздің ішкі туризм саласын дамыту мүмкіндіктері, инвестициялық климатының тартымдылығын арттыру, мемлекеттің бизнесті қолдау шаралары, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және саланы цифрландыру мәселелері әңгіме арқауына айналады. Туризмді дамытуға қолдау көрсетумен қатар жергілікті экономиканың әлеуетін арттыру, халықтың жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және салаға инвестиция құю мәселесі талқыланады.
Алқалы жиын барысында шекаралас өңірлердің әкімдері мен губернаторлары, ұлттық компаниялардың басшылары, сарапшылар және әртүрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері баяндама жасайды деп күтілуде. Қазақстандық-ресейлік байланыс көптеген екіжақты құжаттармен, келісімдермен реттеліп келеді. ХV форум аясында да қос мемлекеттің тиімді ынтымақтастығының одан әрі нығаюына бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылады деп жоспарланған. Бұл Қазақстан мен Ресей өңірлерінің байланысын одан әрі бекітіп, сауда мен инвестиция саласындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне мүмкіндік жасамақ. Сондай-ақ, екі елдің іскер топтары мүддесінің әрі қарай сәтті жүзеге асуына жағдай жасалады деп күтілуде.
Халықаралық маңызға ие шара барысында жуырда пайдалануға берілген теннис орталығындағы 2,7 мың шаршы метр алаңда Қазақстан-Ресей туристік көрмесі және панельдік сессиялар ұйымдастырылады. Бұған “Exponential Group” компаниясының атқарушы директоры Флориан Беренд, “PRÁTTO Consulting and Партнер ITB Advisory” компаниясының басқарушы директоры Бруно Уолтер, еліміздің ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова және тағы басқалар шақырылды. Қазақстан мен Ресейдің ішкі туризм саласының әлеуетін паш ететін көрме барысында “В2В” форматында екі жақты кездесулер, туризм саласында заманауи ІТ-технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын үздік инвест жобалар таныстырылымы, танымал өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламалар өтеді. Екі ел кәсіпкерлері мен сала мамандары инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша қарым-қатынас орнату мүмкіндігіне ие болады.
Теннис орталығында өтетін жиын барысында қос ел компаниялары мазмұны кең жобаларды ұсынады деп күтілуде. Себебі, Ресеймен байланысымыздың қарқынды дамуының бірден-бір жемісі – осы көрме болмақ. Оның барысында шетелдік және қазақстандық қонақтарға Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар демалыс аймағының туристік әлеуетін таныстыру жоспарланған. Аталмыш ауданда Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, неолит дәуірінің тамаша ескерткіші – ежелгі Ботай қонысы және Айғаным қыстауы, Шоқан Уәлихановтың мұражайы сияқты республикалық маңызға ие нысандар қонақтардың қызығушылығын тудырары анық. Бұдан басқа бұл ауданда туризмнің 37 нысаны, соның ішінде көлдің жағасында орналасқан балаларға арналған үш сауықтыру орталығы бар. Қазіргі уақытта оларда шеттен келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетілуде.
Форум Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлеріне бизнес көкжиегін кеңейтуге жол ашып, ынтымақтастыққа тың серпін береріне сенім мол.
Бахыт ЖАНБҰЛОВ,
облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары.