
Кеше облысымызға “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” АҚ президенті Асқар Мамин жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Ерік Сұлтановпен бірге “ЗИКСТО” акционерлік қоғамында болды. Кездесу барысында кәсіпорынның әлеуеті таныстырылып, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
– Бүгінгі күн талабымен алға қарай қадам басу мақсатында инновациялық өнім шығару үшін инновациялық технологиялармен жұмыс істеу керек. Көршілермен бәсекеге түсуде өнімдердің өзіндік құнын төмендетуді қарастырған жөн. Вагондарды жөндеуден өткізудің диагностикалық орталығын құру жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – дей келе, “ЗИКСТО” АҚ-ның бас директоры Валерий Спицын 25 тонналық вагондарды құрастыру үшін лицензиялық келісімшарт дайындалып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, вагонды құрастырудың екі нұсқасы қарастырылған. Бүгінде вагон құрастыру мүмкіндігіне ие болған бұл зауыт Ресейдің “Уралвагонзавод” АҚ-мен байланыс орнатқан.
– Мемлекет басшысы экономиканың жеке секторларын дамыту үшін арнайы бағдарламалар қарастыруды тапсырған болатын. Осыған орай “Вагон парктерін жаңғырту” бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Вагон құрастыруды қолдау үшін бөлінетін қаржы – 17,5 миллиард теңге. Бұл бағдарламаның арқасында “ЗИКСТО” зауыты вагон құрастыруда жетекші кәсіпорындардың біріне айналады деп ойлаймын. Платформалар мен бидай тасу вагондарын шығаруға белсене қатысу керек. Негізгі күш аталмыш зауытқа түсетін болады. Біздің облысқа келудегі басты мақсатымыз – өңір басшылығымен ақылдаса отырып, зауыт менеджментіне қатысты мәселелерді шешу. Қазақстанның басқа да кәсіпорындарымен байланыс орнататын боламыз. Алайда, вагон құрастыруда “ЗИКСТО” зауытына ерекше басымдық берілетін болады. Аталмыш бағдарламаның арқасында Қазақстанның вагон паркі жаңартылып, сала соны қарқынмен дамитынына сенімдімін, – деді Асқар Мамин. Ол зауыт ұжымын алдағы уақытта қауырт жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді.
Кездесу барысында “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “МҰНАЙМАШ”, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-лары мен “ТРИБО” ЖШС-нің өнімдері қойылған шағын көрме қонақтар назарына ұсынылды. Осы орайда “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның бас директоры Қуаныш Бишімов кәсіпорынның негізгі бағыты темір жол саласына қажетті өнімдерді шығару екенін айтты. Зауыт 10 жылдан бері “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясымен әріптестік қарым-қатынас жасауда. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында жыл сайын өнім көлемі арта түсуде. Зауыт Еуропа қайта құру және даму банкінің бағдарламасы аясында өткен тендерді жеңіп алып, алдағы уақытта 1 миллиард 400 миллион теңгеге темір жолдарды жөндеу үшін қажетті құралдар шығаруды жоспарлап отыр.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.