«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘРІ ТАЛДАДЫ, ӘРІ ҚОЛДАДЫ

Бұрнағы күні Достық үйінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері Елбасының “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауын талқылады. Аталмыш Жолдауға қатысты өз пікірін білдіргендердің бірі – қалалық мәслихаттың депутаты Александр Казанцев жекешелендіру жайына тоқталды. Мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіру бойынша шектеудің алынып тасталуы экономикасы шикізатқа тәуелді еліміз үшін үлкен демеу болмақ. Осы орайда Петропавл қаласы бойынша жиырма шақты нысанды жекешелендіру көзделген екен. Ал халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырман халқымыздың “Сарқылмайтын көл, таусылмайтын байлық жоқ” деген дана сөзін тілге тиек ете отыра, бізді ғана емес, әлем елдерін қыспаққа алған дағдарыс кезінде үнемшілдік танытып, тойшылдықтан ойшылдыққа қарай ойысатын күн туғандығын атап өтті. Әсіресе, алашқа танымал ақын-жазушылардан да, ғұлама ғалымдардан да, ел билеуге араласқан қайраткерлер тұлғалардан да кенде емес біздің Қызылжар өңірінде атақты да ардақты жерлестеріміздің ірілі-ұсақты мерейтойларының қайсысын қалай, қандай дәрежеде атап өту қажеттігін Үкіметтің тиісті қаулысына сүйеніп нақтылау туралы ұсынысын да жеткізді.

– Бұл мәселе алдағы уақытта облыс әкімдігі жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші, байқаушы орган – қоғамдық кеңестің қарауына енгізілсе, құба-құп, – деді Кәрібай Мұсырман.  

Педагог ретінде Елбасының техникалық кадрларды даярлау жүйесін барынша дамыту жөніндегі тапсырмасына қолдау танытқан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылар тобының төрағасы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушысы Сабыр Ыбыраев облыс орталығында бұрындары болған жиырма шақты кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындарының жұмысын еске алды. Ал “Ұрпақ” мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбақша Мұсабаева болашақта тиімді жұмыс істеу үшін Елбасы үстіміздегі жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген 80-нен астам заңға қол қойғандығын тілге тиек етіп, қазақстандық қоғам еңбек, қайрат және төзімділіктің арқасында өтпелі кезеңнен шынығып шығатынына сенім білдірді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp