Кәсіпкер жолдастарымызбен бірге сарапшылардың еліміздің экономикалық тұрғыдан ертеңі жайлы болжамы мен пікірлерін ортаға салып, әдемі әңгіме өрбітіп отырмыз. Сөздің бір шеті үнемдеуге келіп тірелді. Данияр атты інім “Шетелде зауыты бар бір ірі кәсіпкер жолдасыммен Америкада жүрміз”, – деп бастады әңгімесін. “Америка – дамыған ел. Ол жердегі ірі кәсіпкерлермен кездесулерден қолымыз босаған уақытта APPLE-нің арнайы фирмалық дүкеніне бас сұқтық. Айфонның соңғы шыққан нұсқасын қолыма алып, қызықтап тұрмын. Сатып алуға деген ниетімді байқаған әлгі кәсіпкер жолдасым жаныма келіп: “Кімге алмақсың?” – деді. Мен: “Өзіме”, – дедім. Ол болса: “Қазір қолданып жүрген телефоныңды берші”, – деді. Телефонымды қолына алған соң арамызда мынадай диалог өрбіді:
– Мұны қашан алып едің?
– Алты ай бұрын.
– Телефоның ескі емес екен. Ендеше бұл жаңа телефонды не үшін алмақсың?
– Мынау енді айфонның соңғы шыққан түрі ғой.
– Алты ай бұрын алған мына телефоныңның барлық функциялары мен мүмкіншіліктерін қолданып жүрсің бе?
– Жоқ.
– Ал мына шыққан соңғы нұсқасында қазіргі қолыңдағы телефоныңда жоқ, бірақ сен қолданғың келген қандай функция, яки мүмкіншілік бар?
– Ешқандай.
– Олай болса, бұл телефонды не үшін алайын деп тұрсың?
Арамызда болған әңгімеден кейін мен үнсіз ғана телефонды орнына қойып, дүкеннен шығып кеттім. Айтқан уәждері расымен де өте орынды еді. Қолымдағы телефонымның әрі кетсе 5-6 функциясын ғана қолданамын. Жаңасын алсам да сөйтемін ғой. Ендеше соңғы нұсқасын алуым жай ғана ысырап пен мақтан үшін еді. Жаңағы досым – үнемшілдікті өмірінің негізгі қағидасына айналдырған азамат. Кейіннен білдім, уақыты тығыз болмаса, ұшақ емес, үнемі пойызбен жүреді екен”.
Жоқ кезде үнемдеу оңай. Ал бар кезде ше? Алла елшісі (с.а.у.): “Теңіздің жағасында дәрет алсаң да, суды ысырап қылма!” деген. Теңіздің жағасында ысырап жасамаған адам, былайғы кезде одан, тіпті, аулақ жүреді. Әйтпесе, теңіз суын еркін қолданғаннан оның суы азаймасы анық. Бірақ кісіні ысырапшылдыққа жетелейтіні сөзсіз. “Экономика” деген сөздің өзі үнемдеу дегенді білдіреді. Ендеше тек дағдарыс кезінде емес, жалпы өмірде де адамдар үнемшілдікті үйренген кезде ғана экономикамыз шынайы даму жолына түседі. Үнемшілдікті өмірінің басты қағидасына айналдырған әлгі кәсіпкердің жылына миллиондаған долларын қайырымдылыққа жұмсайтынын, жұмысына 1-2 сағат бұрын келіп, тоғызға дейін күнделікті Құран дұғаларын, арнайы рухани мазмұндағы кітаптарды оқитынын естігенімде, міне, Алла сүйген нағыз тақуа жан дедім еріксіз. Неге? Өйткені, үнемшіл адамның жомарт болуы сирек жағдай. Екі жақсы қасиеттің бір-біріне көлеңкесі түспей, бір кісінің бойынан табылуы шынайы тақуалық болмақ. Ал қат-қабат жұмыс ортасында жүріп, рухани дүниесіне уақыт таба білуі – көпке үлгі боларлық тамаша қасиет.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ,
қоғам қайраткері.
(“Facebook”).