Елдің тыныштығын, халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз етіп келе жатқан Қарулы Күштер қызметкерлерінің ауыр еңбегі жоғары бағаға лайық. Сіз бен біздің қалыпты өміріміз үшін мыңдаған сарбаз күндіз-түні кірпік қақпай, қызметтің ауыр жүгін арқалап жүр.
Қилы замандарда ел-жұртына пана болып, атамекенін жатқа бермеген айбынды батырлар бұрын да болған, бүгін де аз емес. Өңірге тасқын қаупі төнген сын сағатта да ауыр жүк әскерилердің иығына түсті. Сарбаздар тұрғындардың үйін судан аман сақтап, құбылмалы ауа райына қарамастан ауыр жұмыс істеді. Осылайша бүгінгі әскери сала өкілдері бейбіт күнде де елге деген адалдығын көрсетіп, қандай жағдайда да қарашаға қорған болатынын көрсетіп жүр.
Иыққа қару асынып, әскери саланың ыстық-суығына шыдас беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тек денесі шыныққан, тәртіпке бағынған, төзімі болаттай азаматтар ғана бұл міндетті арқалай алады. Әскери салаға бет бұрған жастардың бойында білім мен білік, физикалық дайындық та болуы керек. Бұл – Ұлттық ұлан академиясы физикалық дайындық және спорт кафедрасының бастығы Мақсат Нүсіповтің жастарға қояр басты талабы.
«Бала кезден спортпен айналысып, болашағымды осы саламен байланыстыруды армандадым. Қай салада жүрсем де спорттан қол үзбеуге тырыстым. Еліміз жан-жақты дамуы үшін жастардың денсаулығына мән беру керек деп санаймын. Әскери академияда өзім ғана шыңдалып қоймай, осындағы жастарды да спортқа баулып, білгенімді үйретуге мүмкіндік бар», – дейді Мақсат Нүсіпов.
Әскери қызметкердің спорттағы жеңістері 2007 жылдан басталады. Осы жылы ол Ресейде қазақ күресінен өткен ашық чемпионатта жеңімпаз атанып, спорт шебері атағын иеленген. Кейін Мақсат Нүсіпов самбодан да мықтылығын дәлелдеп, спорт шебері атанады. 2018 жылы кейіпкеріміз самбодан әлем чемпионатында топ жарды. Күрестің бірнеше түрін еркін меңгеріп, талай қарсыластың жауырынын жерге тиігізген жан мұнымен шектелмей президенттік көпсайыста да бақ сынады. Бүгінде ол аталған спорт түрі бойынша спорт шебері ретінде танылған. Ал былтыр Мақсат Нүсіпов Ресейде өткен қысқы көпсайыстан әлемдік додада қола жүлдені еншілеген.
«Курсанттарды даярлай жүріп академия қабырғасында самбо мен көпсайыстан жаттығу жасадым. Жастардың ортасында жүрген адам өзінің егде тартқанын сезбейді екен. Олармен бірге шынығып жүргенде өзімді де жас сезінемін. Әскери сала бойынша білім алып жүргендер үшін дене дайындығының маңызы зор, – дейді спортшы.
Әскери академияда еңбек еткен жылдар ішінде Мақсат Нүсіпов үшін спорт пен әскери қызмет біте қайнасып кеткен. Ол өзі ғана шынығып қоймай, курсаттарды дене тәрбиесіне баулып келеді. Сонымен қатар өзге әріптестерімен тәжірибе алмасып, әскерилерді даярлаудың заманауи әдістерін іздеп, кәсіби салада да көзге түсіп жүр.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».