«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘРҚАШАН ДАЙЫН БОЛ!

Отанды қорғау – әрбір азаматтың асыл парызы. Еліміздің қарулы күштері әр кез қандай жағдайға сақадай-сай болғаны жөн. Әсіресе, жұмылдыру дайындығына талап жоғары. Бұл мақалада әскери есепке алуды ұйымдастырудың маңызы жайлы айтпақпын. Қазақстан Республикасында әскери есепке алуды ұйымдастыру бірнеше нормативтік-құқықтық актімен реттеледі.

Әскери есепке алу жүйесіне меншік түріне қарамастан барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ, заң талаптарына сәйкес 17 жастан 60 жасқа дейінгі әскери қызметке міндетті адамдар кіреді. Мысалы, аумақтық әскерлерді жасақтау және коронавирус пандемиясының алдын алу мақсатындағы жұмыс жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери есепте тұрған азаматтардың бірқатары арнайы жиындарға шақырылды. Нақтырақ айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысында коронавируспен күрес үшін арнайы жиындарға 94 әскери міндетті өз еркімен тілек білдірді, олардың ішінен 39 адам іріктеліп алынды. Бұл азаматтар жұртшылыққа, құқық қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық органдарға төтенше жағдай кезінде көмек көрсетті, сонымен бірге елді мекендерді зарарсыздандыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, карантиндік тәртіпті қадағалауға жұмылдырылды.
Осы орайда жұмылдыру дайындығы, соның ішінде әскери есепті ұйымдастыру жұмыстары әскери прокуратура органдарының бақылауында екенін айтып өткен жөн. Былтыр жүргізілген тексеріс нәтижесі көңіл көншітпеді. Қолданыстағы заң талаптарын ескермеу салдарынан түрлі кемшіліктерге жол берілген. Мысал келтірер болсақ, әскери міндеттілер көп жағдайда тұрғылықты жерін ауыстырғанда немесе жұмысқа орналасқан кезде тұрақты мекенжайы бойынша әскери тіркеуге тұрудың қажеттілігін ескермейді. Мысалы, әскери міндеттілердің бірі 2015 жылдан бастап Петропавл қаласында жұмыс істеп, осында тұрып жатқанымен құжат бойынша Жамбыл ауданында есепте тұрған. Ал жауапты орган жұмысқа қабылданған немесе босатылған әскери міндеттілер туралы уәкілетті органға хабарламаған, мерзімді әскери қызметке дайындығы тексерілетін жасөспірімдердің тізімдерін ұсынбаған жағдайлар да кездесті. Заңмен белгіленген осындай міндеттерді және әскери есепке алу шараларын орындамау әкімшілік жауапкершілік жүктейді.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша бірқатар лауазымды тұлғалар мен әскери міндеттілер тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды, уәкілетті органдар әскери есепке алу бойынша кеңейтілген түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу және алдын алу мақсатындағы жұмыстар өз нәтижесін береріне сенімдіміз.

Еркін ТӨЛЕПБАЕВ,
Петропавл гарнизоны
әскери прокуратурасының
прокуроры, әділет лейтенанты.

Сурет: https://kaz.caravan.kz/ 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp