«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР АЗАМАТТЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Кейбір адамдардың ұғымында сыбайлас жемқорлық үйреншікті іске, ал екіншілері үшін зәру мәселелерді заңды айналып өтіп шешудің тәсіліне айналған сияқты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жұртшылық кей жағдайда жүйесіз, нәтижесі төмен жұмыс деп санайды. Тұрғындардың пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттің ғана міндеті сияқты. Осындай көзқарас, сенімсіздік пен таптаурын ұғымдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды айтарлықтай әлсіретеді. Халықтың қоғам індетіне төзбеушілігін қалыптастыруға бағытталған жұмыс мемлекеттік басымдықтардың бірі болып табылады.

“Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып, жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді шетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады”, – деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің басқарма қызметіне кәсіпкерлік, туризм және сауда салаларын дамыту мәселелері жатады. Бұл өңірдің бизнес субъектілерімен тығыз іс-қимыл жасауды талап етеді. Бүгіндері басқарма жеті түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Біз жүйелі негізде мемлекеттік қызметтердің тұтынушысы – жеке және заңды тұлғалардың мәселелерін қарай отырып, бизнеске осы салаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдап келеміз. 2018 жылы біздің басқарма көрсеткен мемлекеттік қызметтер сапасына қатысты шағымдардың болмауы жұмысымыздың тиімділігін көрсетеді.

Туроператорлық қызметке лицензия беру жөніндегі автоматтандырылған қызмет “Е-лицензиялау” порталы арқылы тегін негізде жүзеге асырылады. Кәсіпкер порталда өтініш бергеннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде электронды түрде лицензия алады. Осы қызмет “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы да қолжетімді. Мемлекеттік корпорация арқылы тегін негізде туристік ақпарат және туристік бағыттардың мемлекеттік тізілімінен үзінді ұсыну жөніндегі қызметтерді де сәйкесінше төрт және екі жұмыс күнінде алуға болады.

Кәсіпкерлік салада “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамының облыстық филиалы жүзеге асыратын 180 млн. теңгеге дейін кредиттер бойынша кепілдіктер беру жөніндегі мемлекеттік қызмет те автоматтандырылған.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау алу жөніндегі көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саласындағы оң үрдісті одан әрі қарай қолдау үшін және қызмет көрсетушілер мен алушылар арасындағы тікелей қатынасты болдырмау мақсатында “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы тегін негізде тағы да төрт қызметті автоматтандыру жоспарланған.

Екінші деңгейдегі банктер кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігіне демеуқаржы және кепілдіктер беруді тікелей “Даму” қоры жүзеге асырады. Егер бұрын кәсіпкер мәселені өңірлік үйлестіру кеңесі отырысына шығару үшін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне өтінім-сауалнама және құжаттардың толық топтамасымен жүгінсе, қазір бұл тетік қысқартылды. Енді кәсіпкер “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы “Даму” қорына тікелей жүгіне алады. Сонымен бірге орындалу мерзімдері де айтарлықтай қысқарды. Мысалы, демеуқаржы беру жөніндегі қызмет бұрынғыдай 24 жұмыс күні емес, 5 жұмыс күнінде көрсетіледі. Кредиттерді кепілдендіру бойынша қызметті де бес күнде алуға болады.

Кәсіпкерлер үшін “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы мемлекеттік гранттар беру қызметі де қолжетімді болды. Бұрын өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімі негізінде ұсынылған болса, енді осы шешімді конкурстық комиссия қабылдайды. Өтінімдерді қарау мерзімі 20 жұмыс күніне дейін қысқартылып отыр. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша мемлекеттік қызмет өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімі негізінде жүзеге асырылады, қызмет көрсету мерзімі бес жұмыс күні ішінде орындалады. Бұл қызметтерді автоматтандыру көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді қарастыру және шешім қабылдау уақытын қысқартып қана қойған жоқ, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға да мүмкіндік берді.

Мемлекеттік қызметтердің автоматтандырылуы басқарма мамандарының лауазымдық міндеттерін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға себепші болды.

Қорытындылай келгенде, басқармада өткізіліп жатқан іс-шаралардың бәрі қызметкерлердің құқықтық білімін нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және ой-өрісін кеңейтуге ықпал жасайды, сондай-ақ, жеке тұлғалық және кәсіби өсу үшін ынталандыру жолы болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда жемқорлыққа төзбеушілік әрбір азаматтың ұстанымы, ал адалдық пен қиянатқа бармау мінез-құлық нормасы болуы тиіс екендігі атап көрсетілген. Қазақстандықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүкіл қоғамның ісі екендігін түсінуі және әр азамат сыбайлас жемқорлыққа және заңнама бұзушылыққа жол бермеуі тиіс. Мемлекет және қоғам ынтымақтаса отырып, осы әлеуметтік қатерді жоя алады.

Құралай ЖАРОВА,

облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp