«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР АЗАМАТТЫҢ ӨТІНІШІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Облыс әкімі, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында азаматтарды қабылдады. 

Өңір басшысына базынасын айта келгендердің бірі – Шаховское ауылының тұрғыны Зәуре Қалмұрзинова. Оның айтуынша, шахаулықтардың жол машақатын көріп отырғанына бірнеше жылдың жүзі болған. Бүгінде ауыл мен облыс орталығына қатынайтын жол шамадан тыс жүк тиеген көліктердің кесірінен сын көтермейтін дәрежеге жеткен. Бұл мәселе бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхат Бәкеев жауап берді. “Бүгінде аталмыш жолдың үш шақырымына күрделі жөндеу жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жөндеу жүргізетін серіктестік те анықталған. 

Алайда, биылғы жылы бөлінген 37 млрд. теңге алдымен бірнеше ауылды қамтитын жолдарға жұмсалатын болады”, – деген басқарма басшысы Шаховское жолын толығымен жөндеу кесте бойынша 2021 жылға жоспарланғанын жеткізді. Жол мәселесі болмаса, бүгінде бұл ауылдың тұрмысы едәуір жақсарған. Әр үйге су құбыры тартылып, ауыл көшелері жарықпен қамтамасыз етілген. Құмар Ақсақалов ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын арттыруға бағытталған өзге де шаралардың жүзеге асырылу барысымен таныса келе, бұл жұмысты одан әрі жалғасатыру қажеттігін айтты.
Тепличное ауылынан қабылдауға арнайы келген Данияр Балтабаев та жол мәселесін көтерді. Аталмыш елді мекен облыс орталығына жақын орналасқанымен, шұрық-тесік жол тұрғындарды әбден қажытқан көрінеді. Аудан атқамінерлерінің айтуынша, тамыз айында осы жолдың бір бөлігіне 3,5 млн. теңгенің орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Алдағы уақытта қалған екі километр қалпына келтірілмек. Бұл мақсатта 70 млн. теңгеге сметалық құжаттар әзірленген. “Биыл ауданда 21 километр жол жөнделді. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табатын болады. Сонымен қатар аудан орталықтары мен ірі кенттер ішіндегі жолдардың жағдайына да мән беретін боламыз”, – деді Құмар Ақсақалов.
Қоғамдық қабылдау барысында мектеп пен көпқабатты тұрғын үй құрылысы, жер учаскесін бөлу мәселелері де қарастырылды.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp