«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР БАЛАҒА – 129,38 ДОЛЛАРДАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтерген болатын. Бастаманың аясында 2025 жылы 18 жасқа толмаған балалардың әрқайсысына 129,38 АҚШ доллары көлемінде қаражат аударылды.

Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – мемлекеттік саясаттағы басымдыққа ие бағыттардың бірі. Қазір еліміздегі отбасылар баланың дүниеге келген сәтінен бастап оның ер жеткеніне дейін мемлекеттің қолдауына сенімді бола алады. Айталық, Президенттің бастамасы жас азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ білім алуына жан-жақты жағдай жасап, табысты болуларына бағытталған. 2024 жылдан бастап жылма-жыл балаларға 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық табысты қоса алғанда, Ұлттық қордан қаражат аударылып келеді.

2024 жылы аталған бағдарламаға 6 919 131 адам қатысып (2006-2023 ж.ж. туған балаларды қоса алғанда), олардың әрбірінің шотына 100,52 доллардан жіберілді. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 млн. доллар. Тұтастай алғанда, осы бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам 2024 жылы 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 млн. доллар аударылды.

2025 жылы әр балаға жалпы 129,38 доллар аударылды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың (инвестициялық кірісті қоса алғанда) жинақтарының жалпы сомасы 232,94 долларға ұлғайды. Төлем тетігі барынша қарапайым. Баланың бағдарламаға қатысуы мен есептелген ақша туралы ақпаратты баланың ЖСН-ын енгізе отырып, арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан көруге болады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар, сол секілді өзекті сұрақтардың жауаптарын ала аласыз. Бұдан бөлек, балаға арналған аударымдар туралы деректерді eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, сондай-ақ Kaspi.kz, Halyk қосымшалары арқылы да көру мүмкіндігі қарастырылған.

Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – білім мен баспана алуға баршаға тең мүмкіндік беру. Осы тұрғыдан алғанда, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы Қазақстанның жас азаматтары үшін айтарлықтай қолдауға айналды.

Жинақталған соманы кез келген жас азамат 18 жасқа толғанда пайдалана алады. Жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға аударылады және уәкілетті операторлардың («Отбасы банкі» және «Халық банкі») қосымшасы арқылы өтініш бере отырып, тиісті соманы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға жұмсай алады.

Биыл бағдарламаға 6 921 035 бала қатысып жатыр (2007 жылдан 2024 жылға дейін туған балалар). Олардың ішінде 324 430 бала 2025 жылы 18 жасқа толады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp