
Биыл астықты өңіріміздің басым бөлігінде егін бітік шықты. Алайда, жаз бойы орын алған қолайсыз ауа райы, сондай-ақ, соңғы күндері жиілеген жауын-шашын диқандардың молшылық жолындағы жұмыстарына қолбайлау болып отыр. Бірақ күннің әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдалануды мақсат тұтқан диқандар қауымы уақытпен санаспай еңбек етуде.
Бұрнағы күні облыс әкімі Құмар Ақсақалов биылғы егін орағының барысымен танысу мақсатында өңіріміздің бірнеше аудандарында болып, жергілікті агроқұрылым басшыларымен, диқандармен кездесті.
Айыртау ауданындағы “Бабық-Бұрлық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары биыл бидай шығымдылығының рекордын жаңартты. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа гектарынан 62,5 центнер бидай алынған алқап көрсетілді. Бұрынғы рекорд “Тұқым” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі еді, онда гектар берекелігі 55 центнер болған.
Осындай мол өнімді қалай алдыңыз деген сұраққа “Бабық-Бұрлық” серіктестігінің басшысы Сейілбек Махметов қысқаша жауап қайырды: “Жермен жақсылап жұмыс істеуіміз керек. Егіншілік мәдениетін көтеру арқылы ғана жоғары өнімге қол жеткізуге болады”, – деп қысқа жауап берді.
Осы жағымды жаңалықты Құмар Ақсақалов Қызылжар, Есіл және Айыртау аудандарының егіс алқаптарындағы кездесулерде әр диқанға жеткізуге тырысты.
– Жерде жаман жұмыс істеу тиімсіз болуы керек. Мемлекет аграрлық салаға қолдау көрсетіп келеді. Бұл көмектің еңбекақының өсуі және басқа әлеуметтік көмек түрінде қайырымы болуы тиіс, – деді өңір басшысы Құмат Іргебайұлы.
Жердің берекесін қашырған иелерге облыс әкімі “Бабық-Бұрлықтың” басшысы Сейілбек Махметовты үлгі етті. Қазір Төменгі бұрлық ауылында барлық тұрғындарға жағдай жасалуда. Мұнда жұмысшылардың орташа айлық еңбекақысы – 141 мың теңге. Ауылдықтардың үйлеріне орталықтандырылған жылыту жүйесі тартылмақ. Келесі жылы жұмысшыларға тұрғын үйлер салынады.
– Нан бар, нәтиже бар және тиісінше еңбекақыны көтеруге мүмкіндік бар. Осылай болуы тиіс. Егер шаруашылық жақсы өнім алмаса, жалақыны қалай көтереді? Осындай диқандармен жергілікті билік тиісті жұмыс жүргізу керек, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жалпы облыс бойынша күзгі орақ науқаны қыза түсті. 13 қыркүйектегі мәлімет бойынша облыстағы егістік алқаптың 32 пайызы немесе 878 мың гектар бастырылған. Астықтың әр гектарынан орташа есеппен 14,9 центнерден өнім алынуда. Аймақ басшысы диқандарды қолайлы әр күнді тиімді пайдаланып, астықты ысырапсыз жинап алуға шақырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.