Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңіріміздің журналистерін кәсіби мерекелері – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен құттықтады. Салтанатты жиын әдеттегідей әкімдіктің залында емес, қала шетіндегі “Green Wood” демалыс айлағында, табиғат аясында өтті.
Қазіргі таңда еліміз бойынша 1174 газет,1294 журнал жарық көреді, 193 ақпарат агенттігі күні-түні хабар таратса, 80-ге жуық телеарнаның бағдарламасы көрермен көзайымына айналуда. Солтүстік Қазақстан облысының бұқаралық ақпарат құралдары да төңіректе болып жатқан оқиғаларды тұрғындарға шынайы және дер кезінде жеткізуде. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов “төртінші билікке” артылып отырған жүк ауыр екенін айтып, сенім үдесінен шығып жүрген тілшілер қауымының еңбегі ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
– Елімізде, облыста болып жатқан оң өзгерістердің алдыңғы шебінде ақпарат таратып, тілшілер қауымы жүреді. Журналистер күн мен түнге қарамай, демалыс және мереке күндерін елемей еңбек етеді, халыққа барынша толық хабар жеткізуге тырысып бағуда. Еңбек еленуі тиіс, сондықтан болашақта БАҚ өкілдері арасында Мағжан Жұмабаев атындағы шығармашылық байқау ұйымдастыруды ұсынамын, – деді облыс әкімі.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы адал қызметі, жоғары кәсіби шеберлігі үшін бір топ азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен және қаржылай сыйлығымен марапатталды. “Солтүстік Қазақстан” облыстық газеті саясат бөлімінің меңгерушісі Арайлым Бейсенбаева өңір басшысының қолынан Алғыс хат алса, бас редактордың орынбасары Ербақыт Амантайұлы ақшалай сыйлыққа ие болды. Облыстың тілшілері атынан сөз алған “Северный Казахстан” газетінің бас редакторы Иван Моор мен Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Ерлан Тоқшылық БАҚ өкілдеріне көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін өңір басшысына алғыстарын білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары халықтың көзі, құлағы һәм тілі қызметін алдағы уақытта да адал атқаратынына сендірді.