Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай майдангерлерге құрмет көрсету мақсатымен түрлі қолдаулар қолға алынғанын айта кеткен жөн. 9 мамыр мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне 1 миллион теңгеден бірреттік әлеуметтік төлем берілді.
Бүгінгі күні облыс аумағында Ұлы Отан соғысының 52 ардагері, соның ішінде 13 мүгедегі тұрып жатыр. Соғыс ардагерлеріне теңестірілген 700-ге жуық азамат, концлагерьлердің 27 тұтқыны, Ленинград құсауында қалған 8 тұрғын мен 6,5 мың тыл еңбеккері бар. Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге орай аталмыш санаттағы азаматтардың барлығына бірреттік қаржылай көмек беру жөнінде шешім шығарылған болатын. Осы шешімге сәйкес сәуір айының соңынан бері облыстың түкпір-түкпірінде тұратын 52 соғыс ардагерінің бәрі 1 миллион теңгеге ие болды. Бұдан басқа, соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер мен концлагерьлер тұтқынында болғандардың жеке шотына 100 мың теңгеден аударылды. Ленинград құрсауында қалғандарға – 60, тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңгеден қаражат берілуде. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 272 млн. теңге бөлінген.
Сонымен қатар биылғы жылы соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, осы санатқа жатқызылған азаматтарға өзге де әлеуметтік жеңілдіктер тағайындау жоспарланған. Яғни, алдағы уақытта оларға тіс протездеу, санаторлық-курорттық емдеу қызметтері тегін көрсетілетін болады. Шипажайларға барып-қайту үшін жол ақысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан өтеледі. Сондай-ақ, облыс бюджетінен қарастырылған қаржы есебінен майдангерлердің коммуналдық төлемдерін де толықтай жабылуда.
Гүлмира МӘУЛЕТБАЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары.