«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР САУАЛҒА – НАҚТЫ ЖАУАП

Қазір облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың жалпы саны – 2451 адам. Соның ішінде 1244-де ауру белгісі анықталған. Ал 1401 адам емделіп, ауруханадан шықты. Өкінішке қарай, өңірде 8 науқас қауіпті індеттен көз жұмды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов «Инстаграм» әлеуметтік желісінде өткен тікелей эфир барысында COVID-19 вирусымен күрес, аурудың алдын алуда өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Өңірде өткен тәулікте 99 адам ауру жұқтырса, жеті науқаста клиникалық белгілер анықталмады. Бұл жағдайға алаңдаушылық білдірген облыс әкімінің орынбасары аурудың таралуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан карантиндік шараларға тоқталды. Айтуынша, 24-27 шілде, 31 шілде мен 3 тамыз аралығында қоғамдық тамақтану орындары, барлық сауда нысандары (азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар сататын нысандардан басқа), базарлар, саябақ, жағажай, туризм нысандарының жұмысы уақытша тоқтатылады. Алдағы және келер аптадағы демалыс күндері қоғамдық көліктер жүрмейді, халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істемейді.
Пәтер иелері кооперативтері көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен балалардың ойын алаңдарын дезинфекциялауға міндетті. Сондай-ақ, карантин шаралары аясында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын такси жүргізушілеріне қауіпсіздік талаптарын сақтау ұсынылады. Ғани Нығыметов өңір тұрғындарына әзірге отбасылық мерекелерді өткізуге болмайтынын, ағайын-туыстың, көрші-қолаңның үйіне баруды уақытша тоқтата тұру қажет екенін еске салып, қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануға шақырды.
– Қазір қауіпті індетпен ел болып күресудеміз. Өздеріңіз білетіндей жағдай қиын. Вирустың таралуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қолға алынып, карантин талаптары күшейтілді. Бұл шаралардың нәтижесінде оң өзгерістер байқалуда. Өзге өңірлермен салыстырғанда біздің облыста науқастар саны аз. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулықтан асқан байлық жоқ. Сондықтан денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, тұрғындардан күшейтілген карантин шараларына түсіністік танытуды сұраймын, – дей келе Ғани Сақтағанұлы облыс жұртшылығының әр өтініші ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, күн сайын прокуратура, экономикалық тергеу департаменті, полиция, облыс әкімдігі, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау ұйымдары тарапынан дәрі-дәрмек тапшылығы, медициналық бұйымдардың бағасын негізсіз қымбаттату фактілерін анықтау бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда бірқатар дәріханада заң бұзушылықтар орын алды. Мәселен, «Тонус» дәріханасында медициналық бетперде 118 теңгеден сатылған. Оның нақты бағасы – 85 теңге. Мониторингтік топтың жұмысы бірнеше бағытқа бөлінген. Бірінші топ, жоғарыда айтып өткен мәселелерге назар аударса, келесі топ медициналық қызмет көрсету сапасына тексеріс жүргізеді. Дегенмен, жаумен арпалысқан жауынгердей әр науқастың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлердің еңбегі ерлікке пара-пар. Сондықтан тікелей эфир барысында қауіпті індетпен күресте медициналық қызметкерлердің жалақысына қосымша ақы төлеуде ешқандай мәселе туындамайтыны атап өтілді. Ал облыс әкімінің орынбасары әр сауалға назар аударып, нақты жауап берді.  

 

Сурет: https://tengrinews.kz/ 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp