«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР ТЕҢГЕ ОРЫНДЫ ЖҰМСАЛУЫ ҚАЖЕТ

Әлемдік экономика бүгіндері өз дамуының қиын кезеңін бастан өткеруде. Оның салқыны біздің елімізге де тимей қоймайтыны анық. Осыған орай Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, экономикалық дағдарысқа төтеп берудің жолдарын қарастырды. Ондағы мақсат – “Сақтансаң – сақтармын” деген қағиданы тағы бір мәрте еске салу. Бұл орайда елдегі қаржылық ахуал қалай болмақ? Осы тұрғыда Қазақстан Ұлттық банкі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымовты әңгімеге тартқан едік.

– Жомарт Оралұлы, Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер жөнінде не айтар едіңіз?

– АҚШ пен Еуроодақтың Ресей Федерациясына қарсы жариялаған санкцияларының зардабы қазіргі күні Қазақстанға да өз ықпалын тигізе бастады. Себебі, Ресей біздің сауда-саттықтағы негізгі серіктесіміз болып табылады. Оның үстіне оған Украинадағы гео-саяси жағдайдың да ықпалы жоқ емес. Бұған “қара алтынның”, яғни мұнай бағасының құлдырауын қосыңыз. Мұнайдың бір баррелі бүгінде 50-60 долларға дейін түсіп қалды. Оның күрт төмендеуі қазір еліміздің экономикасының дамуына да теріс әсерін тигізіп отырғандығы жасырын емес.

– Экономикамыздың даму деңгейінің тежелуі қаншалықты созылмалы болуы мүмкін?

– Бұл сөздің астарына үңілсек, экономикада кездесетін дағдарыс аралық, терең және созылмалы деп үшке бөлінеді. Оның бәрі – уақытша құбылыс. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев осыны атап көрсетіп, қазіргі жағдайдағы әлемдік экономика дағдарысына Қазақстан төтеп беруге қауқарлы екендігін, әрі кетсе, бұл қиындық 2-3 жылға ғана созылатындығын тілге тиек етті. Ал оны қиындықсыз еңсеруіміз дағдарысқа қарсы уақтылы қабылданған шешімдерге тікелей байланысты болады.

– Бұл жағдайға отандық экономикамыз қаншалықты әзір деп айта аласыз?

– Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының мерзімінен бұрын жариялануының да басты мақсаты осында. Онда Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикалық саясатын құру қажеттігінің маңыздылығына баса назар аударып, оған “Нұрлы Жол” деп атау берді. Болашаққа жол сілтер құжатта отандық әлеуметтік-экономикалық саланың жаңа қырларының басымдықтарына тоқталған Президент қазіргі геосаяси үрдіс пен әлемдік экономикадағы дағдарыс біздер үшін үлкен сынақ болғалы тұрғандығын тілге тиек еткенді. Ал оған қарсы тұратын “Нұрлы Жол” бағдарламасын тиімді жүзеге асыру арқылы біз өзіндік инфрақұрылымымызды құру мүмкіндігіне ие боламыз. Өткен ғасырдың 30- жылдарындағы дағдарысты АҚШ осындай саясаттың арқасында еңсерген. Уақыт тезінен өткен бұл құрылғының да біздің еліміз үшін артық болмасы анық.

– Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында “Нұрлы Жол” бағдарламасын еліміздегі қазіргі ахуалды ескере отыра жаңа іс-шаралармен толықтыру қажеттігіне де тоқталған болатын. Осы мәселе төңірегінде не айта аласыз?

– Бұл ретте отандық машина жасау мен оны экспорттау, шағын және орта бизнес салаларына инфрақұрылымдар тарту, агро-өнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды ұлғайту, ішкі нарықты қорғау секілді бағыттарға Үкіметтен 250 миллиард теңге бөлуді қарастыру міндеттелді. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті қолдау жұмысын одан әрі арттыру керектігіне тоқталып, 2050 жылға қарай олардың жалпы ішкі өнім көлеміндегі үлесін 50 пайызға дейін жеткізу керектігін де атап көрсетті. Сондықтан жиында 2015-2017 жылдар аралығында Азия даму банкі мен Еуропаның қайта жаңарту және даму банкі, Дүниежүзілік банк есебінен шағын және орта бизнесті дамыту қаржысы – 155 миллиард теңгені тиімді пайдалану керектігі айтылды.

– Алқалы отырыста Нұрсұлтан Назарбаев елдегі қаржылық тұрақтылықты сақтауда Ұлттық банк алдына да бірқатар тапсырмалар жүктеді. Осыларға тоқталып өтсеңіз.

– Ұлттық банктің алдында тұрған бастапқы міндет – мұнайға төмен баға және экономикалық өсім қарқынының бәсеңдеуі жағдайында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сонымен қатар жоғары инфляция деңгейін және валюта бағамының қатты ауытқуын болдырмау. Соның ішінде айналымдағы теңгенің көлемін арттыру және проблемалық несиелерді жабудың жолдарын қарастыру. Ол банктердің несиелік жұмыс қарқынын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл шаралар ипотекалық несие алуға мұқтаж жандарға көмек көрсететін болады.

Бүгінгі күні валюталық саясатты тұрақтандыру мақсатында ҚР Ұлттық банкі осы жылдың 11 ақпанынан бастап шетел валюталарын сату және сатып алу бағамдарының арасындағы шекті айырмашылықты қайта бекітті, яғни АҚШ доллары бойынша айырмашылық – екі теңгеден, еуро бойынша сатып алу және сату арасындағы айырмашылық үш теңгеден аспауы қажет.

– Проблемалық несиелерді жабу тұрғысында бүгінгі күні Ұлттық банк тарапынан қандай жұмыс атқарылып жатыр? Соған тоқталып өтсеңіз.

– Бұл бағытта Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, айтарлықтай жұмыс атқаруда. 2004-2007 жылдар аралығындағы берілген несиенің 33 пайызы осылардың қатарына жатқызылса, үстіміздегі жылдың қаңтарында бұл көрсеткіштерді біз 23,5 пайызға дейін төмендеттік. Одан бөлек, осы жылға мемлекет Ұлттық банк арқылы екінші деңгейлі банктердің қаржы әлеуетін арттыру үшін бір триллион теңгеге дейін қаржы бөледі. Оның ішінде банктерге проблемалық кредиттер қоры арқылы 250 миллиард, Қазақстан даму банкіне 60 миллиард теңге бөлмек. Ал “ҚазАгро” арқылы екінші деңгейлі банктерге 80 миллиард теңгенің қаржысын орналастыру көзделіп отыр. Одан бөлек отандық қаржы секторын Азия даму банкі мен Еуропаның қайта жаңарту және даму банкі арқылы да бірлесіп қаржыландыру көзделуде. Осы іс-қимыл шараларының бәрі мемлекеттік қор қаржысының дағдарыс уақытында ел игілігі үшін оңтайлы жұмыс істеуіне жол ашары сөзсіз.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp