«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР ШАҢЫРАҚТЫҢ ТӨРІНЕН ТАБЫЛСЫН

Қызылжардағы иiсі қазақ жұрты үшін “Soltústik Qazaqstan” газетінің қай кезеңде де орны бөлек. Ғасыр­лық ме­рейтой қарсаңында аудан­дардағы оқырмандарымызбен кез­десулер өткізіп, олардың ардақты басылымға деген құрметін сезінудің өзі зор бақыт. 

Бұл жолы таң алакеуімнен Жамбыл ау­данына жол тарттық. Бұл ауданның өзгелерден бәсі биік еке­ніне ешкім де қарсы дау айта қоймас. Өйткені, халқымыздың маңдайы жарқыраған қаншама ұлдарының кіндігі осы жерде кесілген. Халқына суықта – пана, ыстықта сая болған дара тұл­ғалар – Қожаберген жырау мен Сегіз серіні барша қазақ пір тұтады. Әдебиетте көсіле қалам тербеп, кейінгі ұрпаққа алтын қазына қалдырған Сәбит Мұқанов пен сөз зергері атанған Ғабит Мүсіреповтің осы ауданның перзенті екенін кім білмейді?! Жамбыл ау­даны жайлы сөз қозғағанда қазақ әдебие­тінің тағы бір тарланы Иван Шуховты атамай кете алмаймыз. Көзі тірісінде есімі ел-жұртқа мәшһүр болған Сафуан Шәймерде­новті жерлeстері әлі күнге дейін мақтан ете­ді. Баймағамбет Ізтө­лин мен Игібай Әлібаевтің де есімдері құр­метпен аталады. 

Аудан орталығы Пресновка ауылында өт­кен кездесуде басылымның тарих-тамы­ры жайлы сөз қозғалды. Сәбит Мұқанов пен Са­фуан Шәймерденов біздің газетте шыңдалғанын біреу білсе, біреу білмейтін шығар. “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің ди­рек­торы Жарасбай Сүлейменов “Кедей сөзінен” бастау алған газеттің қай кезде де мақсат-мүддесі халықтың жоғын түгендеп, мұңын мұңдау болғанын айтты. Өз зама­нында Алаш ардақтылары қазақ халқының өзге­лерден өнер-білім, рухани қазына ар­қылы ғана алға оза алатынын жақсы тү­сінді. Сондықтан да “Сал малды, сал жанды. Аянба!” деп көпшілікке ұран тас­тады. Одан бері де ұшқыр уақыт алға оқтай зымырағанымен бүгінгі күні де ұлтымыздың көкiрeгіне газет пен кітаптан артық сәуле шашар не бар?! Алаш ғұламалары: “Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жадырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік же­теді. Құл емес, ұл боламыз”, – деп армандап, баспа­сөз арқылы барша қазақты елдік мүддеге жұмылдыр­ды. Шынымен де, ғасыр жастың төріне озғалы отырған газет халықтың кө­кейіндегі сөзді айтудан ешқашан тартынған емес. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бірақ соңғы жылдары оқырманда­рым­ыз­дың азайып кет­кені көңiлімізге қаяу түсіру­де. “Журналистер әр кезде де шын­дықтың бе­тіне тура қарап, халықтың сөзін сөйлеуді өздерінің адал міндеті деп біледі. Сондықтан қа­зақ тілінде жарық көретін об­лыстық деңгейдегі жалғыз басы­лым – “Soltústik Qazaqstan” газетіне жа­зы­лу, ең алдымен, халқымыздың ауыз бірлігі, ын­тымағы үшін қажет”, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Пресновка ауылындағы қа­зақ мектебіне жиналған жұртшылықпен кездесу барысын­да ұзақ жылдар бойы біздің газетті жаздырып алып, анасындай ардақтап, әкесіндей құрметтейтін оқырмандарға Ал­ғыс хат табыс етілгенін де айта кеткеніміз жөн. Бұл жолы мұндай құрмет Қайрат Айтжанов пен Серікбай Сүйіндіков­ке көрсетілді.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұр­лан Сұлтанғазин жерлестерін Алаштың арда ұлдары – Мағжан Жұмабаевтың, Смағұл Сә­дуақасовтың, Қошке Кемеңгеровтің, Жақан Сыздықовтың, Шахмет Құсайыновтың, Әбділда Тәжібаевтің, Дихан Әбілевтің, Әбдірахман Айсариннің, тағы басқа ұлт жоқтаушысына айналған атақ-даңқы алысқа жайылған асылдардың қаламының ізі қалған қарашаңырақты қадірлеп, құрмет көрсетуге шақырды. “Басылымның бір ғасырлық мерейтойына біздің жасаған сыйымыз болсын, бәріміз бір кісідей газетке жазылып, оқырмандар қатарын көбейтейік”, – деп сөзін түйіндеді ол.
Бұдан кейін “Soltústik Qazaq­stan” газетінің журналистерімен кездесуді тағатсыздана күтіп отыр­ған Благовещенка ауылына жол тарттық. Мұнда да қазақ мек­тебіне жиналған елді мекен жұртшылығына газеттің кешегі жүріп өткен жолы, бүгінгі тыныс-тіршілігі, ертеңгі мақсат-міндеті жайлы айтылды.
Аға-апаларымыз сауатын ашып, әр қа­зақ төрінен орын бер­ген басылым талғамы терең оқыр­манның талап үдесінен шығу үшін бүгінгі күні жас ұрпаққа арналған “Jas qyran”, отбасы мәселелерін қозғайтын “Sha­­ńyraq” қосымшаларын үзбей беріп ке­леді. “Oqyr­man­nyń júrek syry”, “Tarıh jáne tanym”, “Bir ánniń tarıhy”, “Ahýalyń qalaı, aýyl?” айдарлары да көпшіліктен оң баға­сын алып жүр. Сонымен қатар “Tikeleı baı­lanys”, “Bizde qonaqta”, “Týǵan jer topyraǵynan túlep ushqan juldyzdar” секілді айдарлар да жұртшылықтың көңілін қуантып жүргеніне сеніміміз зор.
“Соңғы жылдары газетіміздің та­ралымы күрт төмендеп кетті. Оның түрлі себептері бар. Бұған кездесулер барысын­да көз жеткізіп жүрміз. Ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев “Алты алаштың басы қо­сылғанда – төрдегі орын мұғалімдікі” деп айт­ты емес пе?! Ол мұғалім беделінің қай кезде де жоғары екенін меңзеп тұрғаны анық. Әр кез қоғамның беткеұстары, жас ұр­пақтың жол сілтеушісі – мұғалім өзінің ақыл-парасатымен, терең ойлы тағылымы­мен жұртты соңына ертеді. Сондықтан га­зет, ең алдымен, ұстаздардың қолында жү­руі ке­рек. Олардан өзгелер де өнеге алып, бой тү­зейді”, – деп Жарасбай Қабдоллаұлы Благовещенкадағы кездесуде де әрбір қазақтың намысын қамшылар сөз айтты.
Бұл ауылдың тұрғындары га­зетке жазылмаймыз деп отыр­ған жоқ. “Soltústik Qazaqstan” – халық­тың газеті, сон­дықтан төл басылымнан теріс ай­нала алмайтындарын айтты. Ұзақ жылдар бойы тарих пәнінен сабақ беріп келген, бүгінгі күні ардагер ұс­таздардың қатарына қосылған Гүлшат Ра­мазанова әр кез қазақтың жоғын жоқтап жүретін басылымды қолты­ғынан демеп, таралымын көбейтуге барша жұрттың қолдан келгенше атсалысуы керектігін баса айт­ты. “Күш бірік­тіріп жұмыс істесек, талай жақсылыққа қол жеткізе ала­мыз. Интернеттен бас кө­термейтін ұрпақ өсіп келеді. Ғаламтордың тұңғиығына батып барады. Қоғамды қатығездік жаулауда. “Тәрбиесіз берілген білім қауіпті” дегендей, газет – тәрбие құралы”, – дегенін өзгелер де бірауыздан құптады. Мұнда да басылымның жанашыр­ларына құрмет көрсетіліп, Алғыс хат табыс етілді.
Бұдан кейін біз Баян ауылын бетке алдық. Бұл елді мекеннің то­пырағы киелі екенін редакциядағы ағаларымыздың аузынан талай естіген едік. Бір ауылдан түлеп ұшқан бірнеше журналист “Soltústik Qazaqstan”-да қызмет атқарғаны көзі қарақты оқырманның жадында шығар. Өмірден озған ағаларымыз – Мереке Тұралин, Әмір Қожахметов, Байтұяқ Жанымбетов, Шұғай Өсіпов жерлестерінің де жүрек төрінде екен. Редакция арда­герлері Мұрат Нұрмұқанов пен Әскер Әбілқайыров та осы ауылдың азаматтары. Бүгінгі күні руханият тақырыбында үзбей мақала жазып жүретін авто­рымыз – Серікбай Құсайынов та осы Баянның тумасы. Сондықтан бұл ауылда біздің оқырмандарымыздың қарасы қалың екеніне күмән келтіргеніміз жоқ Шынымен де, сексеннің сеңгі­рінен асқан Тілеу Байтұрғанов бастаған ауыл жұртшылығы бірауыздан газетке жазылуға уәде берді.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді”, – деген екен. Ауылда осы ақихатты түсінетіндердің қатары қалың екеніне көз жеткізіп, бұл сапардан төбеміз көкке жеткендей қуанып қайттық.

 

Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp