
Қызылжардағы иiсі қазақ жұрты үшін “Soltústik Qazaqstan” газетінің қай кезеңде де орны бөлек. Ғасырлық мерейтой қарсаңында аудандардағы оқырмандарымызбен кездесулер өткізіп, олардың ардақты басылымға деген құрметін сезінудің өзі зор бақыт.
Бұл жолы таң алакеуімнен Жамбыл ауданына жол тарттық. Бұл ауданның өзгелерден бәсі биік екеніне ешкім де қарсы дау айта қоймас. Өйткені, халқымыздың маңдайы жарқыраған қаншама ұлдарының кіндігі осы жерде кесілген. Халқына суықта – пана, ыстықта сая болған дара тұлғалар – Қожаберген жырау мен Сегіз серіні барша қазақ пір тұтады. Әдебиетте көсіле қалам тербеп, кейінгі ұрпаққа алтын қазына қалдырған Сәбит Мұқанов пен сөз зергері атанған Ғабит Мүсіреповтің осы ауданның перзенті екенін кім білмейді?! Жамбыл ауданы жайлы сөз қозғағанда қазақ әдебиетінің тағы бір тарланы Иван Шуховты атамай кете алмаймыз. Көзі тірісінде есімі ел-жұртқа мәшһүр болған Сафуан Шәймерденовті жерлeстері әлі күнге дейін мақтан етеді. Баймағамбет Ізтөлин мен Игібай Әлібаевтің де есімдері құрметпен аталады.
Аудан орталығы Пресновка ауылында өткен кездесуде басылымның тарих-тамыры жайлы сөз қозғалды. Сәбит Мұқанов пен Сафуан Шәймерденов біздің газетте шыңдалғанын біреу білсе, біреу білмейтін шығар. “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов “Кедей сөзінен” бастау алған газеттің қай кезде де мақсат-мүддесі халықтың жоғын түгендеп, мұңын мұңдау болғанын айтты. Өз заманында Алаш ардақтылары қазақ халқының өзгелерден өнер-білім, рухани қазына арқылы ғана алға оза алатынын жақсы түсінді. Сондықтан да “Сал малды, сал жанды. Аянба!” деп көпшілікке ұран тастады. Одан бері де ұшқыр уақыт алға оқтай зымырағанымен бүгінгі күні де ұлтымыздың көкiрeгіне газет пен кітаптан артық сәуле шашар не бар?! Алаш ғұламалары: “Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жадырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік жетеді. Құл емес, ұл боламыз”, – деп армандап, баспасөз арқылы барша қазақты елдік мүддеге жұмылдырды. Шынымен де, ғасыр жастың төріне озғалы отырған газет халықтың көкейіндегі сөзді айтудан ешқашан тартынған емес. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бірақ соңғы жылдары оқырмандарымыздың азайып кеткені көңiлімізге қаяу түсіруде. “Журналистер әр кезде де шындықтың бетіне тура қарап, халықтың сөзін сөйлеуді өздерінің адал міндеті деп біледі. Сондықтан қазақ тілінде жарық көретін облыстық деңгейдегі жалғыз басылым – “Soltústik Qazaqstan” газетіне жазылу, ең алдымен, халқымыздың ауыз бірлігі, ынтымағы үшін қажет”, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Пресновка ауылындағы қазақ мектебіне жиналған жұртшылықпен кездесу барысында ұзақ жылдар бойы біздің газетті жаздырып алып, анасындай ардақтап, әкесіндей құрметтейтін оқырмандарға Алғыс хат табыс етілгенін де айта кеткеніміз жөн. Бұл жолы мұндай құрмет Қайрат Айтжанов пен Серікбай Сүйіндіковке көрсетілді.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Сұлтанғазин жерлестерін Алаштың арда ұлдары – Мағжан Жұмабаевтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Қошке Кемеңгеровтің, Жақан Сыздықовтың, Шахмет Құсайыновтың, Әбділда Тәжібаевтің, Дихан Әбілевтің, Әбдірахман Айсариннің, тағы басқа ұлт жоқтаушысына айналған атақ-даңқы алысқа жайылған асылдардың қаламының ізі қалған қарашаңырақты қадірлеп, құрмет көрсетуге шақырды. “Басылымның бір ғасырлық мерейтойына біздің жасаған сыйымыз болсын, бәріміз бір кісідей газетке жазылып, оқырмандар қатарын көбейтейік”, – деп сөзін түйіндеді ол.
Бұдан кейін “Soltústik Qazaqstan” газетінің журналистерімен кездесуді тағатсыздана күтіп отырған Благовещенка ауылына жол тарттық. Мұнда да қазақ мектебіне жиналған елді мекен жұртшылығына газеттің кешегі жүріп өткен жолы, бүгінгі тыныс-тіршілігі, ертеңгі мақсат-міндеті жайлы айтылды.
Аға-апаларымыз сауатын ашып, әр қазақ төрінен орын берген басылым талғамы терең оқырманның талап үдесінен шығу үшін бүгінгі күні жас ұрпаққа арналған “Jas qyran”, отбасы мәселелерін қозғайтын “Shańyraq” қосымшаларын үзбей беріп келеді. “Oqyrmannyń júrek syry”, “Tarıh jáne tanym”, “Bir ánniń tarıhy”, “Ahýalyń qalaı, aýyl?” айдарлары да көпшіліктен оң бағасын алып жүр. Сонымен қатар “Tikeleı baılanys”, “Bizde qonaqta”, “Týǵan jer topyraǵynan túlep ushqan juldyzdar” секілді айдарлар да жұртшылықтың көңілін қуантып жүргеніне сеніміміз зор.
“Соңғы жылдары газетіміздің таралымы күрт төмендеп кетті. Оның түрлі себептері бар. Бұған кездесулер барысында көз жеткізіп жүрміз. Ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев “Алты алаштың басы қосылғанда – төрдегі орын мұғалімдікі” деп айтты емес пе?! Ол мұғалім беделінің қай кезде де жоғары екенін меңзеп тұрғаны анық. Әр кез қоғамның беткеұстары, жас ұрпақтың жол сілтеушісі – мұғалім өзінің ақыл-парасатымен, терең ойлы тағылымымен жұртты соңына ертеді. Сондықтан газет, ең алдымен, ұстаздардың қолында жүруі керек. Олардан өзгелер де өнеге алып, бой түзейді”, – деп Жарасбай Қабдоллаұлы Благовещенкадағы кездесуде де әрбір қазақтың намысын қамшылар сөз айтты.
Бұл ауылдың тұрғындары газетке жазылмаймыз деп отырған жоқ. “Soltústik Qazaqstan” – халықтың газеті, сондықтан төл басылымнан теріс айнала алмайтындарын айтты. Ұзақ жылдар бойы тарих пәнінен сабақ беріп келген, бүгінгі күні ардагер ұстаздардың қатарына қосылған Гүлшат Рамазанова әр кез қазақтың жоғын жоқтап жүретін басылымды қолтығынан демеп, таралымын көбейтуге барша жұрттың қолдан келгенше атсалысуы керектігін баса айтты. “Күш біріктіріп жұмыс істесек, талай жақсылыққа қол жеткізе аламыз. Интернеттен бас көтермейтін ұрпақ өсіп келеді. Ғаламтордың тұңғиығына батып барады. Қоғамды қатығездік жаулауда. “Тәрбиесіз берілген білім қауіпті” дегендей, газет – тәрбие құралы”, – дегенін өзгелер де бірауыздан құптады. Мұнда да басылымның жанашырларына құрмет көрсетіліп, Алғыс хат табыс етілді.
Бұдан кейін біз Баян ауылын бетке алдық. Бұл елді мекеннің топырағы киелі екенін редакциядағы ағаларымыздың аузынан талай естіген едік. Бір ауылдан түлеп ұшқан бірнеше журналист “Soltústik Qazaqstan”-да қызмет атқарғаны көзі қарақты оқырманның жадында шығар. Өмірден озған ағаларымыз – Мереке Тұралин, Әмір Қожахметов, Байтұяқ Жанымбетов, Шұғай Өсіпов жерлестерінің де жүрек төрінде екен. Редакция ардагерлері Мұрат Нұрмұқанов пен Әскер Әбілқайыров та осы ауылдың азаматтары. Бүгінгі күні руханият тақырыбында үзбей мақала жазып жүретін авторымыз – Серікбай Құсайынов та осы Баянның тумасы. Сондықтан бұл ауылда біздің оқырмандарымыздың қарасы қалың екеніне күмән келтіргеніміз жоқ Шынымен де, сексеннің сеңгірінен асқан Тілеу Байтұрғанов бастаған ауыл жұртшылығы бірауыздан газетке жазылуға уәде берді.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді”, – деген екен. Ауылда осы ақихатты түсінетіндердің қатары қалың екеніне көз жеткізіп, бұл сапардан төбеміз көкке жеткендей қуанып қайттық.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.