Есіл ауданындағы Бұлақ ауылы Қызылжар өңіріндегі ұлттық салт-дәстүрді берік сақтаған, ұрпағының болашағын елінің дамуымен байланыстырып отырған елді мекендердің бірі болып табылады. Біздің ата-бабаларымыз өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазіргі Бұлақ ауылының маңына шоғырланып, оны тұрақты қонысқа айналдырыпты. Демек, келесі жылы ауылымыздың іргесі қаланғанына 100 жыл толмақ. Біз үшін бұл айтулы мерекеміздің облысымыздағы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, ежелгі сырласымыз, айнымас досымыз – “Soltústik Qazaqstan” газетінің бір ғасырлық мерейтойымен тұспа-тұс келуі зор қуаныш.
Осы басылымның қыркүйек айының 28-ші жұлдызы күнгі санындағы Зейнолла Олжабаевтың “Бірге қарсы алайық!” деген мақаласын оқып, біз де ойға қалдық. Өз мақаласында ағамыз “Soltústik Qazaqstan” газетінің мерейтойына қандай тарту-таралғы жасай аламыз?” деп сауал тастайды да, оған “…әрбір шаңырақ газетке 2020 жылға жазылып, таралымын көбейтетін болсақ, басты тарту-таралғымыз сол болмақ. Газетке ең қымбаты – оқырман. Басылымның мерейтойын бірге қарсы алайық!” деп нақты жауап береді.
Біз, Бұлақ ауылының тұрғындары осы сөздерге толық қосылатынымызды білдіре келіп, өңір тұрғындарына Үндеу жариялауды ұйғардық. Бүгіндері ауылымызда жүз шаңырақ түтін түтетіп отыр. Келесі жылдың 1 қаңтарынан сол жүз шаңырақтың әрқайсысының төрінен облыстық “Soltústik Qazaqstan” газеті өзінің лайықты орнын алатын болады. Бұл – біздің берік шешіміміз.
Бүгіндері Бұлақ орта мектебінде 53 адам шәкірттерге тәлімді тәрбие, терең білім беруде. Мектеп ұжымының мүшелері сүйікті басылымын сөзбен емес, іспен қолдамақ. Сол сияқты ауылдың қалған тұрғындары да өңір айнасы – “Soltústik Qazaqstan”-ға тегіс жазылады.
Біз жерлестерімізді төл газетіміз – “Soltústik Qazaqstan”-ды қолдауға шақырамыз. Әр шаңыраққа – “Soltústik Qazaqstan”! деп ұран тастаймыз. Ғасыр көшіне ілесіп бүгінгі күнге үлкен абыроймен жетіп отырған, қай кезеңде де ұлттың сөзін сөйлеп, мүддесін қорғаған басылыммен бірге болайық! Сөйтіп, туған тіліміз бен ділімізді сақтайық!
Бұлақ ауылының тұрғындары атынан: Меңдос ЫСҚАҚОВ, Қуат ХАЛЫҚОВ, Ерғали ОРАЗАЛИН, Қадыржан ШОПАНАЕВ, Наушан ӘБІЛИНА, Бердібек ТОҚПАНОВ, Қуаныш ЖӘЗИТОВ, Сырым ҚАЛИЕВ, Гүлзат НҰРМҰҚАНОВА, Болат БЕЙСЕНБАЕВ.