“Народные окна” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 128 солтүстікқазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Ондағы еңбеккерлердің еңбекақылары да аз емес. Тапсырыс ұлғайып, жұмыс қарқыны үдейтін жаз айларында табыс 100 мың теңгеден асады. Бұл – пластиктен жасалатын есік-терезелердің жылдан-жылға жаңарып жатқан технологиялық үдерісін оңай игеріп, бүгінгі тұтынушылардың талабын қанағаттандырып отырған кәсіпорын. Серіктестік әкімшілігі екінші деңгейдегі банктер арқылы бірнеше рет несие алып, оған өндіріс орнын заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырған. Нәтижесінде өнім сапасы артып, сән үлгісі кеңейе түскен. Оның тауарларына Көкшетау, Астана, Қарағанды облыстарының тұтынушыларынан сұраныс бар, сондай-ақ, Ресейдің Омбы өңірінің нарығы да үлкен қызығушылық танытады. Кәсіпорын бүгінде тәулігіне 500 дана өнім түрін шығарса, бұл оның автоматтандырылған жүйесінің жартылай қуаты ғана.
– Біз 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Кәсіпкерлікті төменгі сатыдан бастап, өзімізге үлкен сабақ ала отырып, жетілдік. Нарықтың ауыр қыспағына дес бермеуге тырысып, өзіміздің бизнес-жобамызды жүзеге асыруға ұмтылдық, біраз қиындықтарды еңсердік. Кеден одағы құрылған кезде кәсібіміз өрге баса бастады. Енді Еуразиялық экономикалық одақ тынысымызды одан әрі ашады деген сенімдеміз. Ресей мен Қазақстанның шекарасы ашылғаннан бері екі жақтың тауар өндірушілеріне кеңістік кеңейді. Әрине, біз жаһандық дағдарыстың ызғарын сезбей отырған жоқпыз. Ресей рублінің құнсыздануы, АҚШ доллары мен теңге бағамының алшақтығы кез келген бизнеске көлеңкесін түсіруде. Алайда, біздің кәсіпорын нарықтың күнделікті қыспағына төтеп беру үшін әу бастан өз жолын таңдап алған. Бұл – кәсіпорын халықаралық стандарттарға сай өнім шығару үшін өндірісті заманауи техникамен жарақтандырып, технологияның ең үздігін таңдау деген сөз. Бүгінде әлемнің іргелі тауар өндірушілерінің құрал-жабдықтарымен 100 пайыз жарақтандық. Біздің әріптестерімізге қарағанда басты артықшылығымыз да осы. Сондықтан бәсекелестікте еңсеміз биік, – дейді серіктестік директоры Александр Сокол.
Кез келген тауар өндірушіге қойылатын басты талап – сапа мен баға көрсеткішінің тұтынушы көңілінен шығуы. Ол – білікті мамандардың, жақсы техника мен технологияның шеңберінде оңай жүзеге асырылатын іс. Автоматтандырылған жүйе еңбеккерлердің жұмысын әлдеқайда жеңілдететінін де ұмытпаған абзал. Өнімге жұмсалған адам еңбегі мен қосалқы шығындар төмендеген сайын тауардың бағасы да арзандай түсетінін айтқан кәсіпкер өз тәжірибесінен тауардың құнына әсер ететін бірқатар факторларға тоқталып, олардың оң шешімі табылса, бизнеске жол ашыла түсетініне назар аударды. Бүгінгі таңда аталмыш серіктестік үшін көкейкесті мәселе – инфрақұрылымдық ахуал. Жылу төлемі, жол және интернет мәселесі кәсіпорынның қуаттылығын толық пайдалануға мүмкіндік бермей отырғандығын сөз еткен кәсіпкер БАҚ-тың көмегіне жүгіну ойы бар екенін де жасырмады.
Әлбетте, кәсіпорын өзінің сұранысқа ие тауарларының сапасын, қызмет көрсету сервисін жылдан-жылға жақсарту арқылы нарықта өз беделін қалыптастырған. Әйтсе де, серіктестік үшін өзекті болып отырған үш мәселе төңірегінде туындап жатқан қиындық бүгінгі бизнес ортаға үлкен салмақ салатынын аңғартады. Ондағы бірінші мәселе – жол. Кезінде бұл маңда мемлекеттік инфрақұрылымды жақсарту бағдарламасы шеңберінде жұмыс басталған, бірақ іс толығымен аяғына дейін жеткізілмегенге ұқсайды. Екінші мәселе – кәсіпорынның жергілікті монополиялық жылу тарату субъектісімен ортақ шешімге келе алмай жүргендігі. Кезінде серіктестік басшысы Александр Сокол кәсіпорын инвестициясын жылыту орталығынан өз кәсіпорнына дейін құбыр тартуға жұмсап, “ЖЭО-2”-ден бу сатып алу жүйесін қалыптастырған. Бұл әрекет жылыту жүйесіндегі үнемділік үшін жасалған болатын. Онда жылу таратушы кәсіпорын будың бағасын жылыту энергиясының бағасынан екі есе төмен сатқан. Алайда, соңғы жылдары, керісінше, будың бағасын өсірген монополистер кәсіпорынның төлемін шарықтатып жіберіпті. Осындай артық шығын кәсіпкердің тауар құнын төмендетіп, бәсекелестігін күшейтіп, шетел нарығына шығу үшін технологияларды жетілдіре түсуіне қолбайлау жасап отыр. Ал үшінші мәселе – интернет. Кәсіпкер Александр Николаевич қала сыртында орналасқан өндіріс алаңына дейін талшықты сым тартылса дейді. Өйткені, бүгінгі таңда сауда-саттықтың бәрі интернет ресурстары арқылы тиімді екенін ескерсек, жоқтық оның жұмысына үлкен тежеу жасайды. Бұл – “Қазақтелеком” АҚ-ның құзырындағы шамасы келетін шаруа. Бірақ олар қала сыртындағы санаулы нысандар үшін үлкен жұмыс атқаруға құлықтары жоқ екендігін аңғартатын сияқты. Ал кәсіпкер бұл шараны өзі жүзеге асырса, оған 10 миллион теңге инвестиция керек. Ертеңгі күні бұл жайдың да жылу таратушы кәсіпорынмен болған жағдайдың кейпін кимесіне кім кепіл?! Жаһандық дағдарыс екпін алып тұрған кезде “Народные окна” серіктестігі сияқты орта кәсіпкерліктің нарық қыспағында қалмауы үшін мемлекеттің көмегіне жүгінуі орынды. Кәсіпкердің айтуынша, бұл маңда инфрақұрылымдық жүйе жақсарса, ондағы бос тұрған өндіріс алаңдары жанданып, инвестициялық айналымның мүмкіндігін кеңейтудің жолы ашылады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
