
Республикалық “Жолда қабылдау” акциясы аясында Петропавл қаласының тұрғыны Ильина Попова Алтынсарин көшесінің бойына қозғалысты шектеу белгісін орнату мәселесін қозғады. Бұл жерде балабақша және есту, сөйлеу кемістігі бар жандарға арналған мекемелер бар. Соңғы кезде қозғалыс жиілегендіктен, жолдан өту оларға қауіп төндіріп отырған көрінеді.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері аталған учаскені тексеріп, өкілетті органдарға “Жаяу жүргінші өткелі”, “Жылдамдықты шектеу”, сондай-ақ, “Назар аударыңыз: балалар!” жол белгілерін орнату қажет екені жөнінде ақпарат жолдады.
Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылған акцияда ведомство бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев бастаған тәртіп сақшылары полиция бөліністерінің фронт-кеңселерінде, “Nur Otan” партиясы филиалдарының қоғамдық қабылдау орындарында, учаскелік полиция пункттерінде азаматтарды толғандырған мәселелерді тыңдады. “Тұрғындардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне бейжай қарамай, өз ұсыныстары мен пікірлерін жеткізетіні қуантады. Ашық форматтағы осындай шаралардың басты мақсаты да олардың мәселелерін тыңдап, мүмкіндігінше шешімін табу болып табылады”, – деді Марат Сағынтайұлы.
“Жолда қабылдау” акциясы биылғы жылдың сәуір айынан бастап жаңа форматқа көшіп, жағдайды бақылауға, ең бастысы, көптеген мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік туды. Осы уақыт аралығында облыс полицейлеріне үш мыңнан астам сұрақ келіп түсті. Олардың барлығына жауап беріліп, түйткілді мәселелер назарға алынды.
Тәртіп сақшылары азаматтардың өтініш-тілектерін ескеруде “Call-орталық” пен мессенджердегі “тікелей эфирден” басқа, “Facebook” және “Instagram” әлеуметтік желілерінің мүмкіндіктерін пайдаланады. Ондағы ведомстволық аккаунттарда тікелей эфирлер ұйымдастырылып, келіп түскен пікірлер бойынша түсінік пен құқықтық кеңес беріледі.