
Бұл күні облыс орталығындағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына жиналған қауымға елорданың Мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрінің күміс көмей әншілері мен термешілері, бишілері өз өнерлерін ұсынды.
Халық күйі “Сал-күреңге” арнайы қойылған “Ұршық” биін мың бұрала билеген бишілердің көп шығармаларда кездесе бермейтін әуен иірімдеріне сай таңдалған өзгеше ырғақтары көрермендерді ерекше әсерге бөледі. “Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кетпейді” деп жырлаған Сыр елінің үкілеп өсірген қызы, бүгінде барша қазақтың күміс-көмей әншісі атанған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенова сахна төрінен бой көрсеткенде қол соғып, қошеметтемеген көрермендер аз еді. Ол орындаған Базар жыраудың “Сөйле десең, сөйлейін”, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің “Тәлім” термелері ұлтымыздың шынайы келбетін танытатын өнегелі өлеңге сусаған жұртшылықтың шөлін қандырғандай болды. Жанна Көпеева шырқаған халық әні “Ахаукерім” де өз көрермендерінің жүрегіне жол тартты. Олардан өзге “Бұлғын сусар”, “Қара жорға” күйлерін де жиналғандар жылы қабылдады. Айтпақшы, Естайдың әні “Құсни-Қорланды” кім сүйіп тыңдамайды дейсіз?! Сыршыл лирика құлақ түргенге бес күн дәуреннің жалғандығын ұқтырып-ақ тұр емес пе? Оны әнші Асылхан Шалқаров кемеліне келтіре шырқады.
Концерт барысында өзіміздің ұлттық туындыларымыздан өзге орыс, ағылшын халықтарының әндері де шырқалды. Солтүстікқазақстандықтарға қуанышты көңілкүй сыйлаған аталмыш оркестрдің құрамындағы камералық ансамбльге есімі өңірімізге етене таныс дирижер, жерлесіміз Әсет Әбдірахмановтың жетекшілік етуін облысымыздың мәдени өміріндегі жағымды жаңалық деп қабылдадық.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.