Петропавл қаласында славян және орыс мәдениетінің “Покровский перезвон” фестивалі өтті. Өңірімізде 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шараға бұл күні жиналған қауымның қарасы қалың болды.
Шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарламаны көрермен қауым зор ықыласпен қарсы алып, ерекше көңіл-күйге бөленді. Бұл күні сахнада облысымыздың 13 үздік ұжымы өнер көрсетті.
Биыл “Покровский перезвон” орыс мәдениетінің фестиваліне 10 жыл толып отыр. Жергілікті славян халқын аталмыш мерейтоймен облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.
– Елімізде тұратын түрлі этностарға тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға бірдей жағдай жасалған. Соның бір дәлелі бүгінгі славян халқы фестивалінің ұйымдастырылуы. Мұндай шаралар ұлттар арасындағы татулықты, бірлікті, ынтымақтастықты білдіреді, – деді Анархан Қалиқызы өз сөзінде.
Мерекелік кеште солтүстікқазақстандықтардың алдында Қорған облысынан келген “Горицвет” вокалдық тобы ән шырқап, кештің ажарын аша түсті .
Алдыңғы толқын мен жастардың басын біріктірген фестиваль жоғары деңгейде өтті. Өнерсүйер қауым халық әндерін тыңдап, ән мен биді қанат еткен ұжымдардың шеберліктеріне тәнті болып тарқасты.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.