«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСЕРГЕ БӨЛЕГЕН ӘДЕМІ КЕШ

Облыс орталығынан келген өнерпаздар Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының тұрғындарына концерт қойды.

Жомарт Қалиев, Қайрат Досқаев, Владимир Лебедев пен тағы басқа өнерпаздардың келетінін естігін ауыл тұрғындарының қуанышында шек болған жоқ. Мәдениет үйіне жиналған көрерменнің көңілін көтерген өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің басшысы Геннадий Зенченконың қолдауымен ұйымдастырылған концертті бір деммен тамашалаған көрермен өнерпаздарға ақ тілегін жаудырып, алғыстарын жеткізді. Осындай өнер өрісін кеңейтіп жүрген азаматтарға ризашылығымыз шексіз. 

Көптен бері біздің ауылға Қызылжардан өнерпаздар ат ізін салмаған еді. Сондықтан рухани сусаған тұрғындар разы болып тарқасты. Осындай шаралар ауылда жиі ұйымдастырылса дейміз. Үлкендер ғана емес, мектеп оқушылары да бұл концерттен ерекше әсер алды. Бір кездері атағы дүркіреген Аралағаш театрының ізін жалғап, ауылдық Мәдениет үйінде тәлім алып жүрген ұл-қыздар үшін облыс орталығынан келген аға буын өнерпаздармен қауышу үлкен оқиға болды. Әсіресе, өнерге қызығушылық танытқан өскелең ұрпақтың жанарынан болашаққа деген үміт отын байқадық. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп данышпан Абай атамыз айтқандай, бізде өнерге жақын балалар аз емес.
Алдағы уақытта С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры мен облыстық филармонияның өнерпаздары да концерт қойса деген тілек бар.


Қырғыз ҚАҢТАРБАЕВ,
Аралағаш ауылының тұрғыны.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp