Бүгінде түрлі жағдаймен біржылдық әскерге бара алмайтын жастарға мемлекет оңтайлы мүмкіндік ұсынып отыр. Еліміздің әр түкпірінде ашылған Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерінде қырық күннің ішінде азаматтық борышты өтеуге болады. Қарулы Күштер қатарына резерв даярлауда Петропавлдағы мектеп табысты жұмыс істеуде.
Мектеп бастығы, отставкадағы полковник Бахт-Жан Сембаевтың айтуынша, оқуға түсушілерге қойылатын бірнеше талап бар.
– Ең алдымен медициналық комиссияның тексеруінен өту керек. Бұдан сүрінбеген 22-27 жас аралығындағы жігіттер оқуға мүмкіндік алады. Оқу құны 268 мың теңгені құрайды. Бұл төлемақы есебінен сарбаздар күнделікті үш уақыт тамақпен, әскери киіммен және жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, азаматтар атқыш және көлік жүргізушісі мамандықтарының бірін меңгереді. Оқуды тамамдағандарға әскери билет табысталып, “қатардағы жауынгер” атағы беріліп, әскери міндеттілердің есебіне алынады, – дейді Бахт-Жан Аронұлы.
Сарбаздар оқу бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарын біліп, жалпы әскери жарлықтармен танысып, қару қолданудың қыр-сырын үйреніп, әскери барлау және картамен жұмыс істеуді меңгереді. Сондай-ақ, ұстаздар оларға Калашников автоматын бөлшектеп-қайта жинауды, радиациямен зақымданғанда не істеу керектігін, бірінші әскери-медициналық көмекті қалай көрсетуді үйретеді. Сарбаздарды теориямен таныстырып қана қоймай, тәжірибеден өткізу үшін Ақмола облысының Щучинск қаласындағы полигонға да апарады.
Мектептің тағы бір артықшылығы – демалыс күнінің болуы. Яғни, сарбаздар ата-анасымен, туған-туыстарымен, достарымен көрісу үшін жексенбі күні демалыс алады. Мектепте оқуға іріктеу жылына 7-8 рет жүргізіледі. Мұнда біздің өңірдің жастарымен қатар Қостанай облысының азаматтары да оқиды. Үстіміздегі жылы мектепке 500 бозбаланы қабылдау жоспарланған.
Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуде әскери ұстаздардың рөлі зор. Аталмыш мектептегі оқытушылардың бәрі де білікті мамандар. Осы орайда запастағы офицерлер Игорь Четверов, Владимир Францов, Александр Степанов талай сарбазға әскери өмірдің әліппесін үйретуде.
Айман ӘБЖАПБАРОВА, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент баспасөз қызметінің бастығы.