Жасынан қолына домбыра ұстап, Құрманғазының, Тәттімбет пен Қазанғаптың сырлы әуендеріне қанығып өскен Әсет Әбдірахмановты бүгінгі күні жұрт домбырашыдан бұрын оркестрдің дирижері ретінде таниды. Халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы Думан Күдеровтей дарабоз домбырашыларды тәрбиелеп өсірген Тойкен Күдерованың шәкірті – Әсет өткен жылдан бері облыстық филармонияда қызмет етіп келеді. Бірнеше концерттерде өнер көрсеткен Әсет 5 ақпан күні бұрынғы “Метро” ғимаратында өтетін эстрадалық-симфониялық оркестрдің концертіне бастан-аяқ өзі жетекшілік етеді. Осыған орай жас маманды әңгімеге тартып, өнердің жай-жапсары жайында сыр-сұхбат құрған едік.
– Әсет Біржанұлы, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында домбырашы мамандығын тамамдап, қазіргі таңда қандай мамандықты меңгеріп жүрсіз?
– Консерваторияда халық музыкасы факультетін аяқтадым. Екінші жоғары білім алуды ұйғарып, 2011 жылы опера-симфониялық дирижерлеу факультетіне оқуға түстім. Оны биылғы жылы тамамдаймын.
– Оқуды аяқтаған соң еңбек жолыңызды қалайша жалғастырмақсыз?
– Өткен жылдан бері облыстық филармонияда қызмет етіп келемін. Және оқуды тамамдаған соң да жалғастыру ойымда бар. Филармонияның басшылығынан бастап, өңірдің дирижерлері Қайырлы Ғафуров пен Сергей Имашбаев та үлкен үміт артып отыр. Еңбек жолымды туған жерімде бастау менің әуелгі жоспарым болатын. Оның үстіне, ата-анам, туған-туыстарым да Қызылжарда тұрады.
– Дирижер бір ғана таяқшаның көмегімен бүкіл оркестрді өзіне бағындырады. Оның атқаратын міндеті көрерменге таңсық. Тіпті, құпия десе де болады. Бұл мамандықты таңдауыңыздың сыры неде?
– Оркестр ұжым болса, дирижер – оның жетекшісі. Француздың “басқару, бағыт беру” деген сөзінен шыққан ұғым бұл. Оркестрде бірнеше аспаптардың дыбыстары қатарласып орындалады. Сол дыбыстарды қай кезде дауысын алға шығарып, қайсысын бәсеңдету керектігін бағамдайсың. Дирижер дыбысты алуды немесе күшейтуді бір мезетте, еш мүлтіксіз музыканттарға түсіндіре алуы тиіс. Алдыңда отырған домбырашылар мен қобызшыларды, артындағы дауылпазшылар мен жанында тұрған әншіге дейін бағыт-бағдар беріп, музыканың үйлесімін табу қажет. Қарсы алдыңа жайғасқан қырық шақты музыканттың ойнау мәнерін, олардың басқан әрбір нотасын сезіне білсең ғана шебер дирижер бола аласың. Ал ол үшін дирижер жан-жақты болуы қажет. Музыкалық білімнен басқа, адам жанын түсінетін психолог, бағыт-бағдар бере алатын ұстаз бола білсең, шыңды бағындыра аласың. Мұны мен ересек ұстаздардан үйрендім. Оның үстіне, ақпараттық заманда дирижер болып қана қоймай, өз өнеріңді жарнамалай алатын бесаспап маман болсаң ғана еңбегіңнің жемісін көресің. Мамандықты таңдауымның сыры да осында болса керек.
– Белгілі дирижерлерден кімді үлгі етесіз?
– Мен алдымен ұстаздарымды үлгі тұтамын. Домбыра өнеріне машықтандырған Тойкен Күдеровадан бастап, консерваторияда білім берген Сәлімгерей Садықовты, бүгінгі күнгі тәлімгерім – Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрының дирижері Нұрлан Жарасов мен үшін әрдайым үлгі. Ол “Астана Опера” театрының дирижері Абзал Мухитдинов пен Алан Бөрібаев сынды музыканттарды оқытқан ұстаз.
– Бейсенбі күні өтетін концертте қандай музыкалық туындылар орындалмақ? Концерттің мазмұны жайында айта өтсеңіз.
– Қызылжарлық өнерсүйер қауым үшін осы концерттік маусым қызықты боларына сенімдімін. Себебі, биыл облыстық филармонияның ашылғанына 50 жыл толып отыр. Соған орай көптеген концерттер жоспарланған. Осы маусымнан бастап филармонияның жеке ғимараты бар. Бұрынғы “Метро” ғимараты филармонияның қарамағына берілді. Ұжымның көздейтіні – көрермендерді “Метроға” келуді үйрету. Ақпан айының өзінде бірнеше концерттер жоспарланған. Сонымен қатар, эстрадалық-симфониялық оркестр де өзінің кішігірім мерейтойын атап өтуде. Оның құрылғанына – 10 жыл. Аталмыш концертте негізінен классикалық туындылар орындалады. Музыка өнері тарихында ойып тұрып орын алған белгілі сазгерлердің шығармаларын қамтуға тырыстық. Оның ішінде Бетховен, Шуберт, Пьяцолла бар. Оркестрдің сүйемелдеуімен жеке аспапта ойналатын музыкалық туындыларды да қамтимыз. Өнер колледжін тамамдаған өзіміздің жерлесіміз, қазіргі таңда “Астана Опера” театрында қызмет ететін скрипкашы Дамир Қабденов өнер көрсетеді. Және академиялық ән өнері өкілдерінің орындауында танымал опералық шығармалардан үзінділер келтіріледі.
– Білуімше, бұл концертте дирижерлік таяқшаны өзіңіз ұстайсыз.
– Иә. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Сергей Имашбаев бұл концертте тізгінді маған тапсырды. Сондықтан қобалжу да жоқ емес.
– Қазіргі таңда ұлттық музыкалық туындыларды эстрадалық-симфониялық оркестрлердің орындауында жиі еститін болдық. Және қазақ халық аспаптар оркестрлері шетел сазгерлерінің шығармаларын домбырамен, қылқобызбен орындап жүр. Біздің жергілікті оркестрлерде де осы үрдіс байқалады. Тіпті, кей концерттерде екі оркестрдің айтысын да тамашалап жүрміз. Бұл да ұлттық өнерді насихаттаудың бір жолы болса керек. Музыкант ретінде сіз осы жаңашылдыққа қалай қарайсыз?
– Бұл үрдісті өте орынды деп ойлаймын. Музыка дегеніміз не? Ол – халықтың жаны, рухани дүниесінің шамшырағы. Әсіресе, халық музыкасында тұтастай ұлттың ішкі дүниетанымын, ділін сезінуге болады. Халық музыкасы ұлттың портреті іспетті. Сол себепті де ұлттық мәдениетті шетелдік сахналарда танытудың бірден-бір жолы – эстрадалық-симфониялық оркестрдің репертуарына халық музыкасын қосу. Сонымен қатар, оркестрдің сүйемелдеуімен жеке аспап ретінде қылқобыз немесе домбыраны енгізуге болады.
– Жергілікті оркестрлер аспаптармен толық қамтамасыз етілген бе?
– Әр оркестрде 40-қа жуық әртіс өнер көрсетеді. Мәселен, эстрадалық-симфониялық оркестрге үрлемелі аспаптар мен виолончель аздық етпес еді. Дегенмен, Құдайға шүкір, филармониямызға жылдан-жылға жас мамандар келіп қызмет етуде. Оларға барынша жағдай жасалуда. Былтыр екі отбасы баспаналы болды.
– Әншілер жеткілікті ме?
– Әншілеріміз де жеткілікті. Академиялық ән өнерін меңгерген әнші қыздар қажет демесеңіз, түрлі жанрларда әнді нақышына келтіріп орындайтын күміс көмей орындаушыларымыз баршылық.
– Оркестрлердің репертуары қандай туындылармен толықпақ?
– Оркестрлердің көркемдік жетекшілері және дирижерлері Сергей Имашбаев пен Қайырлы Ғафуров репертуарды жылда классикалық туындылармен қоса, қазіргі заманғы сазгерлердің шығармаларымен толықтырып келеді. Эстрадалық-симфониялық оркестрдің халық аспаптар оркестріне қарағанда ұтатын тұсы – музыкалық шығармалардың көптігінде. Шетелдік сазгерлердің шығармалары симфониялық оркестрдің ыңғайына қарай келтірілген. Әлбетте, Сегіз Сері атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің репертуарындағы музыкалық шығармалар аз дегіміз келмейді. Десе де, көптеген туындыларды, әсіресе, қазіргі заман сазгерлерінің шығармаларын бір қалыпқа түсіру үшін оларды өңдей білуің керек. Сол себепті дирижердің бойында сазгерлік өнер де болуы қажет.
– Өзіңіз де сазгерлікпен айналысатын боларсыз?
– Дирижер болған соң небір композиторлардың музыкалық шығармаларымен жұмыс істейсің. Әуендер жансарайыңды ашып, түрлі сезімдерге бөлеп әкетеді. Туындыдағы әрбір нотаның кіршіксіз екендігіне көзің жетеді. Шыны керек, өзіңнің күй шығаруға батылың бара бермейді. Бәлкім, уақыт өте өзімнің туындыларым да нотаға түсер.
– Консерваторияда оқып жүріп, оқу орнының оркестрімен шетелдік және республикалық сахналарда өнер көрсеттіңіз. Яғни, көреремендердің түр-түрін көрдіңіз. Сіздің ойыңызша, қызылжарлықтарды қандай көрермендердің қатарына жатқызуға болады?
– Жергілікті көрермендер музыка өнеріне кішкентайынан машықтанып өскен деп айтуға болады. Ата-аналар балаларын музыка не болмаса би үйірмелеріне беруге тырысады. Олар түгел дерлік кәсіби музыкант болмаса да, жастайынан өнерді түсінетін дәрежеге жетеді. Сол арқылы ішкі дүниесін байытатыны аян. Дмитрий Шостакович: “Адамдарға қарапайым сыбызғыдан бастап, симфониялық үлкен оркестрдің дауысына дейін, екінің бірі айтатын жай ән мен бетховендік сонаталардың барлық түрі қажет. Себебі, музыка әрбір адамға өзін-өзі терең түсінуіне көмектеседі, ол адамның сезімі мен ойын байытады”, – деген. Адам баласына осы қасиеттер қажет емес пе?!
Әңгімелескен
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.