Қорғаныс министрлігі Отан алдындағы борышын өтеу үшін қызметінен кеткен ауыл әкімі жайлы хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Жалғас Асқар Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Спасовка ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарып келген. 2021 жылдың көктемінде ол әскер қатарына шақырылған. Жас жігіт азаматтық парызын өтеуге бірден келісімін берген. Қазір Асқар Жалғас Қапшағайдағы №65229 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр.
Жалғас Асқар 2001 жылы Петропавл қаласында өмірге келген. Қазақ мектеп-гимназиясында білім алған. 9-сыныптан кейін құрылыс-экономика колледжіне түсіп, заңгер мамандығын меңгерген.
– Колледждегі оқуымды бітірген соң Спасовка ауылының әкімдігіне жетекші маман ретінде жұмысқа тұрдым. Жақсы нәтиже көрсеткен мені ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындады. Бірақ менің әскерге барғым келді. Әуе қорғанысы күштеріне шақырылып, сарбаз-атқыш ретінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонына түстім. Мен көп нәрсені үйрендім, – дейді Жалғас Асқар.
Нұрила ЕРМЕКБАЙ.