«Мінсіз адам болмайды, қисықсыз қадам болмайды. Үш даусыз нәрсе бар, бірі – ажал, екіншісі – кәрілік, үшіншісі – мінез. Осы үш даусыз нәрсеге төзімді бол дейді», – Абай хәкім. Адам өмірге келген соң әртүрлі тағдыр кешеді. Ал біздің тағдырымызға ауған соғысына қатысу жазылыпты. Бала кезімізде батырлар жырын оқып, соғыс ардагерлері сияқты болсақ, елімізге елеулі, халқымызға қалаулы азаматқа айналсақ деп армандадық. Ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолмен жүрсек деп мұрат еттік.
Бозбала шағымызда әскерге шақырылдық. Ол кезде әскерге бару біздер үшін үлкен мерей еді. Ел алдындағы борышымызды атқарудан асқан дәреже жоқ сияқты көрінетін. Кеңес әскері ауған жеріне 1979 жылы кірді, біздің жігіттер бар ауыртпалықты көтере білді. Анттарына берік болды. Олардың көбі ортамызда жоқ. Мұрат Сәрсенбаев, Жанұзақ Қасенов, Ибрагим Мәжекеев, Мұратай Нұрланов сынды ағаларымыздың елжандылығы, отансүйгіштігі жанымызды шуаққа бөлейтін. Майдан даласында талай қатерлі шақтар болды. Соғыстың аты соғыс. Өмір мен өлімнің арасында күрес бір сәтке де тоқтаған емес.
Арғы-бергі тарихымызды парақтасақ, қазақтың басынан небір қилы замандардың өткенін аңғарамыз. Халқымыз 1941-1945 жылдардағы соғысты жұрт болып жеңе білді. Ұл-қыздар, аналар, әжелер, аталар бәрі жұмыла, аянбай тер төкті. Соғыс ардагерлері келешек ұрпағым бақытты өмірдің, елінің, жерінің иесі болсын деп армандады.
Кешегі баба жолы, олардың ерлік істері бүгінгі ұрпаққа үлгі. Батыр бабалардың аманаты – жерімізге көздің қарашығындай қорған болу, шекараны бекемдеп, елдігімізді нығайта түсу еді. Кең-байтақ Отанымыздың ендігі тағдыры келешек ұрпақтың қолында. Сондықтан да өрендерімізді кішкентайынан елін сүюге баулып, тура жолға бағыттау міндет. Тарихымызды ұмытқандық па, тәрбиенің кемшіндігі ме, осы күнгі жігіттердің бойынан жауынгерлік рух, кесек мінез сирек байқалады. Отан алдындағы борышын өтеуден қашқақтайтындардың көбейгені біз сияқты аға буынды алаңдатады. Өз қара басының қамын ғана күйттейтін жастарды Отанының ертеңі ойландырмайды. Олар мейлінше жоғары қызметке жетіп, мол табысқа кенеліп, жайлы өмір сүргілері келеді. Алайда осының бәрінің жүзеге асуы өз елінің тағдырымен байланысты екенін парықтамайды. Бұрын бабаларымыз баланың бойына кішкентайынан ұлттық тәрбиені сіңіріп, жыр-дастан тыңдатып, ер-азаматқа қажетті дағдыларға баулыған. Қартайғанда үйінде жатып «Батыр құсап майданда жаным шықпады ғой» деп өкініп, атқа мініп, жауға шабатын ерлердің еліне деген адалдығы кейінгі буынға ой салуы керек.
Деректерге сүйенсек, былтыр 20 мың жас жігіт міндетін өтеуден жалтарған. Ал оның алдыңғы жылдары өз міндетін өтегісі келмейтіндердің саны 30- 40 мыңнан асқан. Еліне қорған болар осынша азаматтың қашып-пысып жүргені жақсылық емес. Бүгінде әскери міндетін өтеуден қашқақтайтындарға кеңес беріп, көмек көрсететін ұйымдар да бар. Олар заңның солқылдақ тұсын тауып, түрлі айлаға салып, ниеті жоқтарды әскерден алып қалуға маманданып алған. Өңірдегі жағдай да көңіл көншітпей тұр. Былтыр қорғаныс істері жөніндегі департамент 600 жігітке іздеу жариялаған. Кейін олардың біразының көрші елге кетіп қалғаны, сонда жұмыс істеп жүргені анықталған. Онсыз да жастары аз Қызылжардағы тепсе темір үзетін жігіттердің міндетінен қашып, жат жұртты сағалап жүргені қапаландырады.
Мемлекет әскерге барғандарға бірқатар жеңілдіктер қарастырып отыр. Мысалы өзін жақсы жағынан көрсеткендерге жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі бар. Міндетті мерзім өткеннен кейін осы салада қызметін жалғастырғысы келетіндер де кездесіп жатады.
Әрине, жастарымыздың әскердегі қауіпсіздік мәселесіне де көңіл бөлу қажет. Мемлекет басшысы да аталған мәселеге бірнеше рет баса назар аударды. Онда орын алып жатқан бассыздық пен қайғылы жағдайларға көз жұма қарауға болмайды. Бұрын әскер ер жігітті есейтіп, нағыз азамат етіп шығаратын орын болатын. Қазір де сол қызметті атқаруы керек. Әскерге баратындар өзінің 1 жылы босқа өтпей, өзіне пайдалы болатынына сенімді болуы тиіс. Салаға жауаптылар жыл сайынғы жоспарды орындау үшін емес, жігіттерге жігер беріп, нағыз жауынгер етіп шығару үшін жұмыс істесе деймін.
Әскер қатарына барып, жауынгерлік өнерді меңгеріп, Отан алдындағы борышын өтеу – әр ер-азаматтың қасиетті парызы. Сондықтан да жастар парызын өтеуден қашқақтамай, өзіне жүктелген міндетті абыроймен өтесе ғанибет емес пе?
Асхат ҚОСПАНОВ,
Ауған соғысының ардагері.