«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСКЕРИЛЕР КӨМЕККЕ КЕЛДІ

Қазіргі уақытта Петропавл қаласы мен жақын маңдағы ауылдарға ағын суды кіргізбеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің мамандары тартылуда. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ведомство бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камаловтың айтуынша, соңғы тәулікте Заречный мен Тепличный кенттерінде және Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылының маңында Есіл өзеніне бақылау күшейтілген.
– Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанып келеді. Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылының жанында Есіл өзенінің деңгейі біртіндеп төмендеуде. Ал Бәйтерек елді мекенінің жанында өзен суы, керісінше, көтеріліп келеді. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы мамандарының мәліметінше, соңғы тәулікте өзеннің деңгейі бірден 22 сантиметрге көтерілген. Әзірше тұрғын үйлерге су кірген жоқ. Мамандар бүгін Петропавл қаласындағы су қоймасының маңында Есіл суы көтеріледі деген болжам айтуда. Осы орайда мобильді топтарымыз зардап шегуі мүмкін елді мекендерде бақылауды күшейтті, – деді Рамиль Фаткулович.
Қазіргі уақытта су кірмеуі үшін Тепличное мен Прибрежное ауылдарының іргесі құм салынған қаптармен бекітілуде. Бұл жұмыстарға №6637 әскери бөлімінің 40 маманы тартылды. Жергілікті құтқарушыларға көмекке келген әскерилер құм салынған 800 қап дайындап, ұзындығы 20, ал биіктігі 2,5 метрді құрайтын жасанды бөгет тұрғызды. Кеше оларға тағы 60 әскериден жасақталған үш рота көмекке жіберілді.
Департамент бастығы Ақмола облысында Есіл өзенін бақылайтын әріптестермен тәулігіне екі рет ақпарат алмасып отырылатынын атап айтты.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp