
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ұлттық ұлан әскери институтында болды. Былтыр оқу орнының тозығы жеткен екі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, курсанттар тамақтанатын асхана жаңартылса, ескі қойма оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуге бейімделді. Биыл да оқу орнында бірқатар өзгерістер орын алмақ. Материалдық-тұрмыстық базаны жақсарту мақсатында 2,5 гектар аумақта заманауи оқу корпусының, казарманың және спорт кешенінің құрылысы басталады.
Институт бастығы, генерал-майор Бауыржан Әбжановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына ел бюджетінен 9,1 млрд. теңге қарастырылған. Мердігер компания – “Оңдасын строй” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 350 орынға арналған казарманың құрылысын жыл соңына дейін аяқтайды. Үш қабатты нысанның құрылысына 1 млрд. теңге бөлінген. Келесі жылы 4,5 млрд. теңгеге жаңа оқу корпусы мен заманауи спорт кешені салынады. Нысандардың аумағын абаттандыру жұмыстарына 3,5 млрд. теңге жұмсалады.
Әскери институттың еліміздегі заманауи жоғары оқу орындарының біріне айналарына сенімді екенін жеткізген өңір басшысы Құмар Ақсақалов білім саласындағы басқа да өзгерістерге тоқталды.
– Біз Петропавлды жастардың қаласына айналдыруымыз керек. Ол үшін М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен біраз қаржы бөлінді. Жылдың аяғына дейін оқу-тәжірибелік корпусы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, студенттерге арналған 1200 орындық екі жатақхананың құрылысын бастаймыз. Енді әскери институт үлкен құрылыс алаңына айналғалы жатыр. Алдағы екі жылдың ішінде оқу орны адам танымастай өзгереді, – деген Құмар Іргебайұлы мердігер компания басшылығына құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізу қажеттігін ескертті.
Аталмыш оқу орнында 1 мың курсант білім алуда. Осыдан 25 жыл бұрын ашылған әскери институт алдағы уақытта академия мәртебесіне ие болады деп күтілуде. Оқу ордасының басшылығы қажетті құжаттарды жинап, Қорғаныс минситрлігіне жіберген. Бұл өтінім мақұлданған жағдайда, институт қабырғасында магистратура бөлімі ашылады. Қосымша 150-ден астам білікті маман жұмысқа тартылмақ.
Облыс әкімі заманауи электронды тирлердің мүмкіндігімен танысты. Былтыр бір қабатты ескі қоймаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көпбейінді тренажерлер кабинеті ашылған. Әскери институт бастығының айтуынша, тирлер офицерлер мен курсанттарға мергендік шеберліктерін оқу ордасының аумағынан шықпай-ақ шыңдауға мүмкіндік береді. “Мұнда арнайы көздеу нысанасының орнына 3D экран қолданылады, автоматтың да түр-түрі бар. Бұрын курсанттар атыс жаттығуларын өткізу үшін бірнеше шақырым жердегі полигонға баруға мәжбүр болатын. Енді жігіттер кез келген уақытта әскери дайындықтан өту мүмкіндігіне ие болып отыр”, – деді Бауыржан Садықұлы.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.