Қазақстанда азаматтарды әскери тіркеу науқаны басталды. Бұл шара ұлттық армиямыздың сапына тұруға жарамды болашақ жауынгерлердің санын, әскери қызметке жарамдылық дәрежесін нақтылау мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ, оның аясында келешекте әскерге шақырылатын жастардың білім деңгейі, мамандығы және шымырлығы бағаланады.
Үстіміздегі жылдың наурыз айының соңына дейін облыста жергілікті әскери басқару органдарында 2002 жылы туған үш мың өренді тіркеу көзделген.
“Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңына сәйкес тіркеуге биыл 17 жасқа толатын қазақстандықтар қатысады. Азаматтар әскерге шақыру учаскелеріне тіркелу кезінде әскери қызметке жарамдылығы дәрежесін белгілеу үшін медициналық комиссиядан өтеді. Медициналық (әскери-дәрігерлік) комиссия “әскери қызметке жарамсыз” деп таныған азаматтар әскери есепке қабылданбайды.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша азаматтарға дәрігерлік тексеру жүргізетін медициналық комиссиялар құрылды. Азаматтарды әскерге шақыру пунктіне тіркеу кезінде жергілікті қорғаныс басқармалары мен бөлімдері емделуге немесе медициналық бақылауға мұқтаж адамдарды, салмағы төмен бозбалаларды анықтайды және оларды емдеуге жібереді. Бұдан бөлек, шыныққан, спортпен айналысатын, яғни, Қорғаныс министрлігінің арнаулы білім беру орындарында оқуға денсаулығы жарамды және әскери оқу орындарына түскісі келетін жастарды айқындайды. Алғаш рет әскери тіркеуге тұрған азаматтар арасында жергілікті әскери басқару органдары Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсудің және Қазақстан армиясында келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарудың мүмкіндіктері туралы насихат жұмыстарын жүргізеді.
Айман ӘБЖАПАРОВА, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің басшысы.