«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЕЖАЙДАҒЫ ӨЗГЕШЕ ӘЛЕМ

Жер бетіндегі ең жедел көлік түрі – ұшақ. Әуе кемесі арқылы санаулы сағаттарда мыңдаған шақырымды бағындырып, қала мен қаланың, ел мен елдің арасын жалғауға болады. Көк аспандағы ақ бұлтты қанатымен қаққа жарып ұшатын алып ұшақтың әуеге көтерілуі мен қонуы үшін тұтас бір ұжым аянбай еңбек етеді. Мұнда бәрінен де жолаушылардың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан талап та қатаң. Бұл салада еңбек ететін мамандарға жүктелер міндет те ауыр. Оны әуежайдың өз ішінде жүргендер болмаса, былайғы жұрт біле бермейді.

Петропавл халықаралық әуежайы – өңірдегі жолаушы­лар ұшағы ұшып-қонатын жалғыз әуе тұрағы. Инвести­циялық салым мен жаңғырту жұмыстарының арқасында бүгінде әуежай жұмысы бір жолға қойылып, ірі қалалар мен шет елдерге рейстер ашыл­ған.

Кейіпкеріміз Арайлым Ха­митова өзінің авиация саласы­на кездейсоқ келгенін айтады. «Тағдыр жолы мені осы салаға алып келді. Барлығы тәжірибе­ден басталды. Алғашқы қа­дамдарым ұшақтарды қарсы алып-шығарып салу, жолау­шылармен жұмыс істеу, олар­дың ішінде шетелдік, іскер және VIP қонақтармен тіл та­бысу – осының бәрі менің шыңдалуыма ықпал етті. Уа­қыт өте келе менің басқарушы­лық және ұйымдастырушылық қабілеттерім көзге түсіп, бас­шылық маған сенім артты. Бүгінде мен бас директордың орынбасары әрі персоналды басқару бөлімінің басшысы ретінде үлкен жауапкершілікті арқалап жүрмін», – дейді Арайлым Ғабитқызы.

Білікті маманның айтуын­ша, бұл салада оқыған білімнен көрі кәсіби қасиеттер мен жи­нақтаған тәжірибе маңызды. Авиация саласында қызмет етемін деген адамның қолында диплом ғана емес, бойында ең­бекқорлық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттер болуы тиіс.

Кейде кездейсоқ оқиғалар­дың өзі өмірімізге үлкен өз­герістер әкеліп, ертеңімізді өз­гертуі мүмкін. Ал Арайлым Ға­битқызы мұндай кездейсоқтықтарды жай ғана сәйкестік емес, Құдайдың сыйы, тағдыр­дың көрсеткен жолы деп бі­леді. Бұған әуежай директоры­ның түрік азаматы екенін біл­генде тағы бір көзі жетті. Бұ­рыннан түрік тіліне қызығу­шылығы оянып, ерінбей оқып-үйренгені осындай сәтте кәде­ге жарап, кәсіби қызмет барысында көп пайдасын тигізіп келеді. Сондықтан да маман жастарға мүмкіндігінше көп тіл үйреніп, ерінбей оқып-ізде­нуге кеңес береді. Бойға жиған білім мен қалыптасқан дағды­ның текке кетпей, ерте ме, кеш пе өз жемісін беретініне сенеді.

Көпшілік әуежай қызмет­керлері тек ұшақтар қонып-ұшатын кезде ғана жұмыс іс­тейді деп ойлауы мүмкін. Алайда мұндағы күйбең тірлік бір сәтке де басылмайды. Тіпті рейстер жоқ кездің өзінде ма­мандар алдағы жұмыстарды жоспарлап жатады.

«Әуежайда бір күн екіншісі­не ұқсамайды. Таңертеңнен кешке дейін уақытпен жарыса­мыз десем артық емес. Таңер­теңгі жиналыстан кейін күн тәртібіндегі барлық мәселе­лерді қарап шығамыз. Ұжым­ның жұмыс барысын бақылап, қызметкерлердің жағдайына, жұмыс тиімділігіне мән бе­ремін. Ұшу кестесінің орында­луын, қызмет көрсетудің сапа­сын қадағалаймын. Бір мезет тыныш отыруға мүмкіндік болмайды. Көп жағдайда бар жұмыс күнім келіссөздер, құ­жаттармен жұмыс, кездесулер, түрлі жағдайларды үйлестірумен өтеді», – дейді Арайлым Ғабитқызы.

Әуежай ішіндегі өмір сырт­тағы әлемнен бөлек. Мұнда уа­қыттың да өлшемі өзгеше сияқты. Білікті қызметкер­лердің бір минуты да текке кетпейді. Әуежай – мыңдаған адамның тағдыры тоғысатын үлкен торап. Ал олардың тағ­дырына Арайлым Хамитова сынды мамандар жауапты. Сондықтан бұл салада қателік­ке жол беруге әсте болмайды. Ұшақтың кешігуі, құжаттың дұрыс рәсімделмеуі барлық жолаушылардың жоспарына әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр қызметкердің ұқыптылығы мен жауапкершілігіне баса мән беріледі.

Әуежайға келушілердің арасында ел азаматтары ғана емес, шетелдік меймандар да көп. Оларды лайықты қарсы алып, жолға аттандыру да оңай емес. Мамандар үшін тіл үйре­ну мен қарым-қатынас орната білу қабілеті осындайда қажет. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі келушінің көңілін көтеріп, қа­бағын жазуы мүмкін.

Әр күннің өз ерекшелігіне қарамастан мұндағы мамандардың есінде өмір бойы сақ­талып қалатын сәттер болады. Өңірге келетін белгілі адамдар мен мәртебелі меймандар ең алдымен әуежайға табан ті­рейді. Арайлым Хамитованың айтуынша, қадірлі қонақтар­дың келуіне орай мұнда ерек­ше дайындық жүргізіледі.

«Мен үшін ең есте қалар­лық әрі ерекше жауапты сәттер – еліміздің Президентінен бастап жоғары лауазымды тұл­ғаларды, шетелдік қонақтарды немесе танымал жұлдыздарды қарсы алу мен шығарып салу рәсімдері. Бұл бізде бір реттік шара емес, тұрақты түрде ұйымдастырылатын жұмыс болғандықтан, әркез тыңғы­лықты дайындықты талап етеді. Ұшақ әуежайға қонған­нан бастап, VIP-залдағы жай­лылықтан, ресми тұлғаларды қарсы алу тәртібіне дейінгі әрбір деталь алдын ала ойлас­тырылып, ұсақ-түйегіне дейін қадағаланады. Мен мұндай ша­ралардың үйлесімді өтуін өзім ұйымдастырамын. Ұжымның әр бөлімін жұмылдырып, жұ­мысты бір бағытта басқару – үлкен жауапкершілік. Әріптес­теріммен бірге барлық істің жоғары деңгейде атқарылуына күш саламыз. Мұндай жауапты сәттер – менің өмірімнің ең қызық әрі ұмытылмас бір бөлігі», – дейді кейіпкеріміз.

Келген жолаушының өңір туралы алғашқы көзқарасы әуежайда қалыптасады. Сон­дықтан әр маман келген жан­ға жылы шырай танытып, көмек қолын созып, қолайлы жағдай жасауы тиіс. Бұл ретте бір адамның қолынан келер іс аз. Әуежайдың толыққанды жұмысын ұжымның бірлігі мен ұйымшылдығы ғана сақ­тап қалады. Әр қызметкер үл­кен машинаның бір бөлшегі сияқты. Сондықтан қызмет­керлер үшін командада жұ­мыс істей білу маңызды. Қа­жет кезінде сабыр сақтап, әр іске мұқият болу Арайлым Ғабитқызының қанына сің­ген әдет.

Бала кезінде жеті қат көкті бағындырып, ғарышқа ұшып, көкте самғап, ұшқыш, борт­серік болуды армандамаған жан жоқ шығар. Бүгінгі жас­тардың арасында да өмірін авиациямен байланыстырғысы келетіндер көп. Алайда кейіп­керіміз бұл мамандықты мең­геру оңайға соқпайтынын ай­тады. Ол үшін темірдей төзімділік танытып, көз алмай оқып, аянбай еңбектену керек. Әуежай қызметкері шет тіл­дерін, соның ішінде ағылшын тілін білу аталған мамандыққа қойылатын басты талап екенін айтады. Оған қоса физикалық, психологиялық төзімділік қа­жет. Елде ұшқыштарды Аза­маттық авиация академиясы даярласа, бортсерік боламын дейтіндер әуе компаниялары­ның арнайы оқу орталықта­рында білім алады.

Білікті маманның өңірдегі әуежай туралы да айтары көп. Солтүстік Қазақстанның әуе қақпасы саналатын әуежай ай­мақты елорда және ірі қалалармен байланыстырып отыр. Жолаушылар ағыны да жыл­дан-жылға артып келеді. Бұ­рын тек ел аумағындағы рейс­терге қызмет көрсететін әуе­жай енді халықаралық әуе қа­тынасын жолға қоймақ.

«Жазда Петропавлдан тіке­лей Египетке чартерлік рейстің ашылғаны – қала тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен қуаныш болды. Бұл – біздің әуежайдың мүмкіндігінің ке­ңейгенін, жаңа деңгейге кө­терілгенін білдіреді. Әуежай басшылығының басты мақса­ты – қызмет сапасын арттыру, жаңа әуе бағыттарын ашу және халықаралық стандарттарға сай келетін инфрақұрылым қа­лыптастыру. Қазіргі таңда біз тағы да басқа халықаралық ба­ғыттарды ашуды қолға алып жатырмыз. Бірқатар әуе ком­панияларымен келіссөздер жүргізілуде», – дейді Арайлым Хамитова.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp