«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЕЖАЙДЫ ЖӨНДЕУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Сейсенбі күні түс ауа облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ-да болып, жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Валерий Лазеров басқаратын астаналық “К-Дорстрой” ЖШС әуежайдың ұшу-қону жолағын қалпына келтіруге кірісіп те кетіпті.

“Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ-ның президенті Виктор Шевелевтің айтуына қарағанда, бас мердігер ұшу-қону жолағының ескі асфальтты бетон қабатын арнайы техникамен қырып алуды 28 шілде күні бастапты. Үкіметтің резервінен ұшу-қону жолағын қалпына келтіруге бөлінген 4 млрд. теңге биылғы қазан айына дейін игерілуге тиіс. Құрылысшылар осы мақсатпен қызу жұмыс істеуде. Техника мен адам күші жеткілікті.

Ерік Хамзаұлы әуежайдың ұшып-қону жолағын ғана емес, жолаушылар терминалын да қалпына келтіру, оларды барлық заманауи талаптарға сай ету жұмысын 2016 жылдың тамыз айында, яғни Қазақстан мен Ресей Президенттерінің бірлескен форумына дейін бітіру жоспарланып отырғанын, соған орай әуежай нағыз құрылыс алаңына айналатынын атап айтты.

– Бұрындары 50-ге дейін әуе рейсін қабылдайтын әуежайдың ұшу-қону жолағының жалпы ұзындығы – 2,5 шақырым, ені 42 метр болатын. Жобалық-сметалық құжат бойынша оның ұзындығын 2,8 шақырымға жеткізу, енін 60 метрге дейін кеңейту, ұшу-қону жолағын қалыңдығы 10 сантиметрді құрайтын асфальтты бетонмен жабу, жарықтандыру техникаларымен жабдықтау қарастырылған. Бұл мақсатқа 6,4 млрд. теңге жұмсалуға тиіс. Жолаушылар терминалын заман талабына сай ету 1,4 млрд. теңге қаражатты қажет етеді. Осы жұмыс толығымен аяқталған кезде әуежайымыз халықаралық стандартқа сәйкес “А-320-200”, “А-310-300”, “Боинг-767-200/300”, “Боинг-757-200/300” сияқты әуе кемелерін қабылдай алатын болады. Сол кезде Қазақстанның басқа облыстарына ғана емес, тіпті, шетелдерге де Қызылжар өңірінен ұшақтармен сапарлауға мүмкіндік туады.

Бұған дейін хабарланғанындай, Петропавл қаласының әуежайының жарамдылық сертификатының мерзімі өтіп кетуіне байланысты Азаматтық авиация комитеті биыл 18-20 шілде аралығында сертификациялық зерттеу жүргізіп, нысанды пайдалануда тиісті нормалардан бірқатар ауытқушылықтар бар екендігіне байланысты Петропавл қаласының әуежайын пайдалану сертификатының қолданылуын тоқтатқан болатын. Комиссияның жоғарыда айтқан ескертулері орындалғаннан кейін сертификат мерзімі бір жылға ұзартылды. Сондықтан құрылыс жұмыстары тоқтағаннан кейін, яғни қазан айынан бастап, келесі көктемде қалпына келтіру жұмыстары басталғанша, бұрынғысынша Астана мен Алматы қалаларына ұшақпен қатынау қалпына келтіріледі, – деді БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp