Петропавлда “Халықаралық әуежай төсемдерін, ұшу-қону жолағындағы жасанды төсемді, жолаушылар терминалын қалпына келтіру және “ОВИ-1” жарық сигналды қондырғысын орнату” жобасын жүзеге асыру басталды.
Электронды конкурс нәтижесі бойынша астаналық “К-Дорстрой” АҚ бас мердігер ретінде қала әуежайын қалпына келтіретін болады. Жобалық-сметалық құжат пен құрылыс алаңы осы компанияға тапсырылды. Жобада ұшу-қону жолағын қалыңдығы 10 сантиметрді құрайтын асфальтты бетонмен жабу, оны 300 метрге ұзарту, 18 метрге кеңейту, сонымен қатар ұшу жолы мен жолаушылар терминалын қалпына келтіру қарастырылған. Бұл жұмыстардан кейін ұшу-қону жолағы “А-320-200”, “А-310-300”, “Боинг-767-200/300”, “Боинг-757-200/30” әуе кемелерін қабылдай алатын болады. Осыған орай құрылыс аяқталғанға дейін әуежай арқылы ұшу-қону тоқтатылды. Оны толық қалпына келтіру жұмыстарын 2016 жылы аяқтау көзделген.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Серік Мұхамадиевтің айтуына қарағанда, әзірше осы мақсатқа Үкіметтің резервінен 4 млрд. теңге бөлінген.
(Өз тілшіміз).