Петропавл әуежайын «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізіп, көлік торабын әмбебап ету үшін ұзындығы 6 шақырымдық темір жол тармағын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Петропавл әуежайының директоры Абыл Кекілбаевтың айтуынша, бұл қадам арнайы салықтық режімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін инвесторларды тартуға жол ашады.
– Темір жол тармағын салу – орта мерзімді жоспар. Ол әуежайдың операциялық қызметі, сондай-ақ тұтас өңірдің транзиттік-логистикалық әлеуетін дамыту үшін қажет, – деп атап өтті Абыл Кекілбаев.
Қарағанды мен Түркістан әуежайларына да темір жол желілері тартылуда. Аталған қалаларда темір жол тармақтарының ұзындығы тиісінше 26 және 20 шақырымды құрайды. Ал Петропавлда жоспарланып отырған 6 шақырымдық темір жолға әзірге жобалық құжаттама әзірленбеген. Абыл Кекілбаевтың айтуынша, Петропавл әуежайының логистикалық орталық ретінде дамуына Ресеймен шекараға жақын орналасуы айтарлықтай серпін береді.
– Петропавл әуежайы Boeing 767 және Airbus A330 сияқты орта қашықтыққа арналған әуе кемелерін қабылдай алады. Жанармай құю инфрақұрылымы бар және пайдаланушы сертификаты 2027 жылға дейін жарамды. Сондықтан мұндай әуе кемелеріне қызмет көрсетуге мүмкіндігіміз де бар, – деп атап өтті әуежай басшысы.
Сонымен қатар Петропавлдан күншуақты Мысырға тікелей ұшуға мүмкіндік тумақ. Наурыздың 22-сінен бастап Шарм-эль-Шейх бағыты бойынша әуе рейстері қайта жанданады. Петропавлдан рейстер айына үш рет жүзеге асырылады.
Назым ЕСІМ,
«Soltüstık Qazaqstan».