Қармақ салып, балық аулауды жаны сүйетін Мамлют ауданының тұрғыны Александр Ухов бала кезінен үнемі көл жағалап кететін. Ихтиолог мамандығын алып, балық кәсіпшілігінің қыр-сырын жете меңгергеннен кейін өңірде кенжелеп қалған осы саламен түбегейлі айналысуға белді бекем буып, білек сыбана кірісті. Алдымен аудан орталығында иесіз тұрған қазандық орталығын өз атына ресімдеп, күрделі жөндеуден өткізді. Төрт қабырғасы ғана қалқиған нысанды қалпына келтіру айтуға ғана оңай еді. Шын мәнінде тау қопарып, тас уатқандай маңдай терін шүмектетіп, ерен күш жұмсады. Қаражат тапшылығы тығырыққа тіреп, кей кездері еңсесі түскеніне қарамастан жігерін жанып, қиындықты еңсере білді. Қыздың жиған жүгіндей жұтынып тұрған ғимаратты тұрғызып біткенде ғана арқасынан ауыр жүк түскендей жеңілденіп сала берді.
Жұмыс көп, артық қол қажет болған соң қасына қарындасы Еленаны қосып алуды ұйғарады. Екеулеп сиг және албырт тұқымдас балықтарды өсіру үшін бизнес-жоспар құрып, кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалының қарауына ұсынады. Мұндағылар жас кәсіпкерлердің талабын қолдап, “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 миллион теңге жеңілдетілген несие береді. Бұл қаражатқа “Вейса” инкубациялық қондырғысын, басқа да жабдықтар алып орнатады. Қызметтің жаңа түріне бейімделу үшін Елена “Бизнес кеңесші” жобасы бойынша қысқамерзімді оқуға барады. Алайда, талап етілген барлық құжаттар тапсырылса да, жергілікті банк 12 млн. теңге қаржының төрттен бірін ғана береді.
– Банк тарапынан мұндай шешімді күтпеген едік. Кепілге қоятын жылжымайтын мүлікке дейін әзірлеп қойғанбыз. Сол кездегі қиналысымызды еске алғым келмейді. Амалсыздан жоқтан бар құрастырып, өз күшімізге сүйенуге тура келді, – деген Александр Уховтың әр сөзінен мақсаткерлігі, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы анық сезіліп тұр. Соңғы кездері жұртшылық тарапынан теңіздің табиғи өнімдеріне, оның ішінде балыққа деген сұраныс пен қажеттіліктің артуына орай албырт тұқымдасына жататын форель өсіретін жеке балық өндірісін кәсіптік негізде жолға қойды. Оның айтуынша, форель етінің құрамы адам ағзасына пайдалы дәрумендер мен белокқа бай. Әсіресе, фосфорға, кальцийге бай, бірқатар ауруларға ем. Еті дәмді әрі жұмсақ. Балықтың бұл түрі жергілікті су айдындарында кездеспейтіндіктен, тұрғындар импортты місе тұтуға мәжбүр. Уылдырық Норвегиядан жеткізіледі. Қымбат болғанымен сапалы. Инкубациялау процесі мамыр айынан бастап күздің қара суығы түскенше жүргізіледі. Өнім ішкі нарықпен қатар Ресейге де саудаланады. Алдағы уақытта тауарлық форель көлемін 10-15 тоннаға дейін көбейту жоспарланған. Аналықтарын көбейту мақсатымен шабақтардың 20 пайыздайы өсімге қалдырылады.
Бүгінгі күні Александр мен Елена 9 бірдей көлді де жалға алып отыр. Олардан, негізінен, шортан, тұқы, пелядь ауланып, тоңазытылған және салқындатылған күйінде сауда нүктелеріне жеткізіледі. Былтыр 100 тоннаға жуық балық ауланыпты. Енді су жануарларының кептірілген түрін өндіруді ойластыруда. Өнімді сақтаудан сатуға дейінгі үрдіс өте күрделі. “Біз балықтың дәмдік, тағамдық қасиеттерін жоғалтпаудың ұтымды технологиясын әр кез басты назарда ұстаймыз”, – дейді ағайынды балық өсірушілер.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.