«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЕСТІК ПЕ, ӘБЕСТІК ПЕ?..

Бүгінде насыбайды базардың кез келген бұрышынан, әсіресе, ұсақ-түйек сатумен айналысатын қарапайым саудагерлердің үстелінің үстінен табуға болады. Өкінішке қарай, саусақ ұзындығындай қалташаға салынып, сәнді етіп байланған көк түсті затқа бүгінде өрімдей-өрімдей жастар мен он екіде бір гүлі ашылмаған мектеп оқушылары құмар-ақ. Қала базарларында әртүрлі құтыларға салынып та сатылатын насыбайдың бағасы 50 теңге мен 5000 теңге аралығында екен. Сұраныстың да тым жоғары болуы бағасының арзандығы мен қолжетімділігінен болуы керек.

Зерттеуші-ғалымдардың айтуынша, насыбай – құрамында есірткі бар алконас тұқымдасына жататын темекі өсімдігінен өндірілетін зат. Үй жағдайында жасалатын насыбайдың құрамында махорка мен сөндірілген әк, тауық саңғырығы мен түйе тезегі, тобылғы күлі де кездеседі екен. Сондай-ақ, адам ағзасына өте зиянын тигізетін қорғасын, кадмий сынды ауыр металдар да бар көрінеді. Қою жасыл түсті кішкене түйіршіктер, ұнтақ және дөңгелек пішінде сатылады. Осы бір улы зат жайында түсінік алу үшін қаламыздағы насыбай сататын орындарға бардық. Сырттай бақылаған жарты сағаттың ішінде әлгі уды килограмымен де, бөтелкесімен де алып жатқан жасты да, жасамысты да, тіпті, нәзік жандарды да көрдік. Қысқасы, насыбайдың саудасы наннан артық қызып тұр.  

Орталық базар қақпасының алдында насыбай сатып тұрған бір топ саудагерді әңгімеге тарттық. Людмила есімді келіншек:

– Насыбай сатып жүргеніме алты жылдың көлемі болды. Негізінен, біздің өңірге Оңтүстік Қазақстан облысынан келеді. Естуім бойынша, ол жақта өте арзан сатылады екен. Өйткені, насыбай жасаумен айналысатын адамдардың көптігінен бе, бағасы бізге қарағанда екі-үш есе төмен көрінеді, – деді.

– Тұтынушыларыңыздың басым бөлігі кімдер? – деген сұрағыма:

– Мен алғаш сата бастағанымда үлкен кісілер көп сұрайтын. Ал қазір жастар жағы басымырақ. Студенттер, тіпті, кейде мектеп оқушылары да кездеседі, – деді ол.

Бірнеше жылдық тәжірибесі болса да, насыбайдың жасалу жолы мен зияны турасында тіс жарып ештеңе айта алмаған соң, осы сауалымды арнайы маманға қоюды ұйғардым. Облыстық наркология диспансерінің дәрігері, штаттан тыс нарколог Елена Иванованың айтуынша, насыбай ататын адамның иммунитеті вирусты гепатиттің алдында өте әлсіз болып, әртүрлі ішек ауруларын жұқтыруға даяр тұрады екен. Тістің эмалі бұзылып, асқазанға жара түсіп, тіл, ерін, көмей обырының 80 пайызы сол улы затты пайдаланғаннан туындайтын көрінеді.

Иә, насыбай атқан жеткіншек бірте-бірте темекіні байқап көреді, кейін есірткіге елтіп, есін жоғалта бастайтынын өмірдің өзі де растап отыр. Темекі мен ішімдіктің он сегіз жастан асқандарға ғана сатылатыны сияқты насыбайға да шектеу қоя алмай отырғанымыз қоғам дертіне жол ашып жатқандай көрінеді маған. Тағы бір таңғалдыратыны сол – тауарлық сипаты болмаса да, яғни лицензиясыз сауда айналымында, кез келген сатушының алдында тайға басқан таңбадай көзге көрініп, еркін сатыла береді. Сонда: “Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа” жоқ болмағаны ғой?!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp