
Әрбір адам баласы үшін ана – аяулы жан. Себебі, адамзатты мойындатқан ғалымдар да, тарихқа есімі алтын әріптермен жазылған ақын-жазушылар да анадан туады. Олардың қайсарлығы, даналығы талай әңгіме-дастандарда жырланды емес пе?! Арамызда елге сыйлы, туған-туыстарына қадірлі аналар аз емес. Солардың бірі – “Алтын алқа” иегері Ақнұр Құрманбаева.
Ол 1949 жылы 15 шілдеде Айыртау ауданындағы бұрынғы Уақ-Заря ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Сармолда сол кездегі “Уақ-Заря”, кейін “Заветы Ильича” аталған кеңшарда ұзақ жылдар бойы механизатор болып еңбек етсе, анасы Айман аспаз болды. Ол ауылдық кеңестің депутаты қызметіне дейін көтерілді. Ақнұр апамыз осындай үлгілі тәрбиенің арқасында еңбекқор, әрі зерек болып өсті. Қаратал сегізжылдық мектебін тамамдаған соң, еңбек жолын 1968 жылы Казанка ауылындағы тұрмыстық комбинатта тігінші болып бастады. Ол маңдай термен келетін нанның тәтті болатынын ерте жастан сезініп өсті. Еңбекке араласа бастаған сәттен кез келген жұмысқа білек сыбана кірісуі, өзіне тапсырылған қызметке жауапкершілікпен қарауы оның бойындағы көркем қасиеттерді одан сайын ұштай түсті. Қыз мұраты тұрмыс құрып, келін боп түскен әулеттің берекесін арттыру ғой. Ақнұр да Сейітқали есімді жігітпен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Үлкен шаңыраққа келін болып түскен күннен бастап, үйдің қарекетімен бірге кеңшардың мал шаруашылығы жұмысынан да қол үзбеді. Мұны ауырсынбай, үйдегі егде жасқа келіп қалған ата-енесінің де көңілінен шығуға тырысты. Көпбалалы ана ретінде зейнетке шықты. “Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді” деген нақыл сөз осындай қайратты аналардың абыройына абырой қосатындай. Ақнұр апамыз бен Сейітқали ағамыз екеуі ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, қатарынан қалдырмады.
Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеген ана жүрегінің жылуынан бастау алады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де анадан тарайды. Ақнұр анамыз осы қасиеттердің барлығын қыздарының бойына сіңіре білді десек, артық айтқандығымыз болмас. Ата-ананың берген тәлім-тәрбиесі мен өнегесінің арқасында ұлдары да парасатты азамат болып өсті. Ғұмыры үлгілі еңбекпен өрілген ардақты ата-ананың тек жақсы адам, адал азамат болып өссін деген тілекпен мәпелеп өсірген ұл-қыздарынан қазіргі таңда 12 немере, 9 жиен және 2 шөбере тарап отыр. Бүгінде сегіз баланың барлығы да әр салада абыройлы қызмет атқаруда. Жанын жабырқататыны, 46 жыл отасқан жұбайының соңғы сапарға аттанғаны. Бүгінде ол балалары мен немере-шөберелерінің ақылшысы ретінде келіндерін берекелі отбасы болудың қыр-сырына жалғыз баулып келеді. Ақ жаулықты ана қазіргі таңда ортаншы ұлы Нұркен мен келіні Бибігүлдің қолында тұрады. Үйдегі төрт немересін тәрбиелеуге көмекші болып, шаңырақтың сәнін келтіріп отыр. “Келінім Бибігүл де – көпбалалы отбасының қызы. Осындай инабатты қыз тәрбиелеп өсірген құда-құдағиыма ризамын”, – дейді Ақнұр апамыз ағынан жарылып.
Әңгімелесу барысында көпті көрген абзал анадан: “Бүгінгі қазақ әйелдеріне көңіліңіз тола ма?” – деп сұрағанымда, ол: “Ұрпағыңмен мың жаса” дейді қазақ. Халқымыз үшін осы жайт үлкен мәселеге айналып барады. Әрбір қазақ әйелі: “Мен қазақ баласын дүниеге әкелемін. Мен – ұлттың анасымын” деп, өзіне жауапкершілік жүктесе екен деймін. Мұнан бөлек, жас аналардың арасында батысқа еліктеп, бет әлпетін, киім киісін өзгертуге құмар болып бара жатқандар аз емес. Оларды кездестірген кезде “мынау шет елден келген келін бе?” деп қаласың. Қазақ әйелі қашанда ақ жаулығымен, алтын құрсағымен қасиетті”, – деп жауап қатты.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
СУРЕТТЕ: көпбалалы ана Ақнұр Құрманбаева отбасымен.
Суретті түсірген автор.
Айыртау ауданы.