«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЛЕТ АҚЫЛШЫСЫ

“Қазыналы қартың болса, жа­зулы тұрған хатпен тең” демекші, аға ұрпақтың кейінгі буынға бе­рер ақ батасы мен тәлім-тәрбиеге толы ақыл-өсиеті еш уақытта өз құндылығын жоймаған. Бүгін­де қарттықтың бел ортасына кел­ген аяулы жандар балалық шақтарының түрлі оқиғалармен тұспа-тұс келгеніне, соғыс, аштық сияқты ауыртпалықтарға қарамастан, ауыр жұмысқа араласып, ұрпақ тәрбиелеп өсірді.

Солардың бірі – ауылымыздың құрметті азаматы, “Құрмет” орденінің иегері Айтма­ғанбет Дауылбаев. Бала кезінен тағдырдың талай сынынан өтіп, адал еңбектің арқасында өзгелерге үлгі бола білген жан. Белі бекіп, бұғанасы қатпай еңбекке араласқан, тылдағы өмірдің қиындығын ересектермен бірдей көрген қайратты азамат бүгінде 90 жасқа толса да, қарттыққа мойынсұнған жоқ. Көнекөз қария өз ұр­пағының үлгі тұтар қамқоршысы ретінде немере-шөберелеріне ақыл-өсиетін айтып, артынан ерген іні-қарындастарына да бас-көз болуда.
Айтмағанбет Дауылбайұлы 1930 жылдың 1 қаңтарында бұрынғы Көкшетау облысының Уақ-Заря атты шағын ауылында дүниеге келген. Әкесі Дауылбай Бекбергенұлы өңірге танылған саудагер болыпты. Кезінде Ок­тябрь ауданына қараған қазіргі Сырымбет, бұрынғы Казгородок деген үлкен ауылды басқарып жүрген тұсында құяң ауруына шалдығып, 28 жасында дүние салған екен. Сол кезден бастап 5 жасар Айтмағанбет екі жастағы інісі Қайсар­бекпен бірге жетімдіктің ащы зарын татады. Анасы Нағима Малғаждарқызы нәубет жылдары басқа азаматқа тұрмысқа шығып, балаларын қайын сіңлісі Айшаға қалдырып кетеді. Ол екі баланы өз перзентіндей тәрбиелеп, заманның қиындығына қарамас­тан, өзгелерден кем қылмай өсіреді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Айтмағанбет ауылдан бес шақырым жердегі Қаратал ауылындағы мектепте білім алуға мәжбүр болады. Інісін ертіп, күн­де осынша қашықтықты жаяу жүріп өтіп, оқуға келеді. Бірақ қыс айлары басталысымен, көрші ауылға қатынау мүмкін болмай­ды. Сөйтіп, Айтмағанбет қанша білім алғысы келгенімен, бұл арманынан қол үзуіне тура келеді. “Соғыспен тұспа-тұс келген балалық шағым мені ерте есейтті. Соғысқа бармай ауылда қалған қарттармен бірге қол шалғымен шөп шаптым, қой бақтым. Қыста колхоз ұстаханасында ұстаның көмекшісі (көрік басушы) болып еңбек еттім. Он бір жасымнан сырға, сақина соғып зергерлікпен, ағаш, темір бұйымдарын жасап ұсталықпен ай­налыстым”, – деген ақсақал сол уақытта бір үзім нанға зар болғандар аз болмағанын айтып, ауыр күндердің қасіретін күрсініспен еске алды. 12 жасынан бастап трактор тіз­гіндеп, өзге шаруаларды да ұршықша иіреді.
Қатарынан қалыспаған Айтмағанбет есейе келе, ұстаздыққа бет бұрады. Алма­тыдағы Абай атындағы педагогикалық инс­титутқа оқуға түседі. Жоғары оқу орнын жақсы аяқтап, қолына диплом алған соң 1954 жылы еңбек жолын Көкшетау облысына қарасты Айдабол кентіндегі 1700 орындық мектепте бастай­ды. 1958 жылы орыстандыру саясатымен қазақ сыныптарын жабу науқаны басталғанда Айтмағанбет Дауыл­байұлы Қызылтау ауданына жіберіледі. Бірақ ол бұл ауылға барудан бас тартып, Қараталға қайтып келіп, жаңадан ашылған Қазан ауданындағы аудандық мәдениет бөліміне инспектор болып орналасуды жөн санайды. Балалық шағынан өнерге, әдебиетке құштар болған ауыл азаматы бұл салада да табысты еңбек етіп, басшылықтың алғысын алады. Жігерлі жан­ның бастамасымен ауылда ақындар айтысы қайта жаңғырып, ауыл жастары арасында суырыпсалма өнерге деген қызығушылық арта түседі.
Айтмағанбет Дауылбайұлы білім ұйымының шақыртуымен 1959 жылы мектепке қайта оралып, Қаратал орта мектебінде 39 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шығады. Қызмет еткен жылдары әріптестерінің арасында абырой-беделге ие болып, білім ордасындағы түрлі қызметтерді жауапкершілікпен атқарады. Өткен күндерді сағына еске алған ақсақал өзіне сеніп тапсырылған міндетті тиянақты орындауға талпынғанын бүгінде немере-шөберелеріне өсиет ретінде айтып отырады. Айтмағанбет ата ұстаздық еткен жылдары егін орағы кезінде басшылардың ұйғаруымен комбайн рөліне отырып, 5 жылдай ұжымшардың шаруасына араласқан. “Бала күнімде тілші болсам деп армандайтынмын. Мұғалім мамандығын таңдап, өмірімді білім беру саласымен байланыстырсам да, бала күнгі арманым мені жазуға итермеледі. 1962 жылдан бастап “Көкше­тау прав­дасы” газетінде штаттан тыс тілші болып еңбек еттім. Өнерге, мәдениетке деген құмарлықтан болар, ауылда өнерлі жастардың басын қосып, ел аралап сахналық қойылымдар, кон­церттер ұйымдастырып, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдім”, – дейді қарт. 1989 жылы Айтмағанбет Дауылбаевтың мұрындық болуымен Қаратал орта мекте­бінде жерлесіміз, көрнекті жазушы-драматург Шахмет Құсайыновқа арналған этнографиялық-әдеби музей ашылды. Музей күні бүгінге дейін өз қызметін қалтқысыз атқарып келеді.
Ауылымыздың ардақты ақсақалы зейнетке шыққан соң да түрлі қоғамдық шаралардың бел ортасында жүрді. Қаратал ауылдық округі бойынша бастауыш ардагерлер ұйымына 25 жыл төрағалық етті. Оның ауылымызды өркендетудегі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Аудан, облыс көлемінде түрлі марапатқа ие болып, Айыртау ауданының құрметті азаматы атанды. 2015 жылы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай тыл ардагері ретінде Ақордада болған мәртебелі қабылдауға қатысып, Елбасының қолынан “Құрмет” орденін алғанын да айтып өткен жөн.
Айтмағанбет ата 1950 жылы Егіндіағаш ауылының ұстазы Нұрмұхамбет Рахымұлының қызы Гүлханмен отбасын құрып, Қуанышбай, Серікбай, Ардақ есімді ұлдар мен Светлана, Сараш, Ботагөз, Жеңіс, Ақбидай, Аягөз есімді қыз балаларды өсіріп тәрбиеледі. Қазір бәрі бірбір ордалы отбасына айналған, олардан 28 немере, 35 шөбере, бір шөпшек сүйіп, солардың қуанышын қызықтап отырған бақытты жан. 64 жыл отасқан зайыбы Гүлхан 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Алладан балаларының саулығын тілеген қарт өміріне шүкіршілік етеді. “Шәй деспей өмір сүрдік, сыйласып өттік”, – деп өткен ғұмырын зор ризашылықпен еске алады.
Әулет ақылшысының өнегесімен өмірде түзу жол тапқан перзенттері де шаңырақта әкенің сөзін екі етпеу­ге тырысады.

 

Есей НҰРЛАН,
Қаратал ауылының тұрғыны.
СУРЕТТЕ: А.Дауылбаев.

Айыртау ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp