Өткен аптаның соңында облыстық мәслихатта қоғамдық кеңес мүшелері кезекті тыңдау өткізді.
Бірінші болып сөз алған “Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрліктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті” мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев облыстағы білім жүйесіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Баяндамашы жеке және мемлекеттік балабақша мен мектептердегі асханалардың, медициналық кабинеттердің бүгінгі жағдайына тоқталып, бірқатар аудандарда тексеріс барысында анықталған кемшіліктерді айтты. Осы ретте туындаған бірнеше сұраққа облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова жауап беріп, жіберілген олқылықтарға лауазымды тұлғаларға тиісті шара қолданылғанын жеткізді. Ол бүгінде балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету бірінші кезекте тұрғандығын айта келе, облыс бойынша асханалардағы жабдықтардың 80 пайызы ескіргендігін тілге тиек етті.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырлы Едіресов мектептердегі асханалардың жұмысын жақсарту үшін әлі де қыруар істер атқарылуы керектігін еске салды. “Бала денсаулығы бәрінен де қымбат, сондықтан да бірінші кезекте олардың ішетін тамағы сапалы болу керек”, – деді төраға.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.