Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, онда жергілікті полиция қызметінің жол-көлік апаттарының алдын алуға бағытталған жұмысы және Есіл, Шал ақын аудандарында түрлі қылмыстарды азайту мақсатында атқарылған іс-шаралар баяндалды.
Бүгінгі күні жүргізушілер мен жүргіншілер тарапынан орын алатын қылмыстарды азайту жергілікті полиция қызметіне жүктелген. Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Айтбаевтың айтуынша, кешенді іс-шаралар нәтижесінде жол-көлік апаттары өткен жылға қарағанда 17 пайызға азайған. Соның ішінде осындай бақытсыздық салдарынан болатын адам өлімі көрсеткіші 19 пайызға кеміпті.
Бүгінгі күні өңіріміздің барлық аудандарында жергілікті әкімдік жанынан арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған. Комиссия отырыстарында қоғамдық орындардағы тәртіпсіздіктерді азайтудың, түрлі қылмыстарға жол бермеудің кешенді жоспары жасалған. Соған қарамастан, Есіл ауданында былтыр да, биылғы жылы да аса ауыр қылмыс түрлері, яғни адам өлімі тіркелген. Әрине, келеңсіздіктердің біразы тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе маскүнемдік салдарынан орын алып жатады. Бүгінгі күні ішімдікке әуес және жұмыссыз тұрғындар учаскелік инспекторлардың бақылауына алынған. Былтыр Есіл ауданы бойынша 14 адам маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілген. Тәртіп сақшылары заңсыз алкоголь өнімдерін сатудың да қылмыстың көбеюіне ықпалы зор екенін айтады. Өткен жылы Есіл ауданында осы сипаттағы 8 оқиға тіркелсе, соның 3-інде жасөспірімдерге арақ сатылғаны белгілі болған. Облыс прокуроры Степан Зайтлердің заңсыз арақ саудасымен күресті күшейту қажеттігі жөніндегі ұсынысын облыс әкімі де құптап, аудан басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды әлсіретпеуді тапсырды.
Ал Шал ақын ауданының әкімі Ербол Сағдиев атап өткеніндей, жергілікті жерде криминогендік жағдай тұрақты. Ол үшін ақпараттық-насихат жұмыстары белсенді түрде жүргізіледі екен. Сонымен қатар, тұрғындар көп шоғырланатын жерлерге 10 бейнебақылау камерасы орнатылған. Аудан әкімі жергілікті биліктің өскелең ұрпақтың тура жолдан адаспауына мүдделі екенін айтып, бұл бағытта да атқарылған тындырымды істерді тілге тиек етті. Ведомствоаралық комиссияның мүшесі Степан Зайтлер аудандағы бейнебақылау камераларының ауа райының қолайсыз күндерінде істен шығып қалатынын сынға алды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.