«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – АУЫЛДАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ

Солтүстікқазақстандықтардың жартысынан көбі тұратын ауылдарда шешілуі тиіс мәселелер аз емес. 7-8 тамыз күндері Петропавл қаласында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен барлық деңгейдегі әкімдердің семинар-кеңесінде осы орайдағы міндеттер талқыланды.

Семинар-кеңес барысында облыстағы елді мекендердің бүгінгі ахуалынан хабардар еткен өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жеткен жетістіктеріміз бен кемшін тұстарымызды ашық айтып, аудан, ауылдық округ әкімдері өз қызметтерін ширата түсулері керек деген ойын білдірді.  

Үстіміздегі жылдың қаңтарындағы көрсеткішке сай өңірімізде даму әлеуеті жоғары – 164, орташа – 484, төмен 26 елді мекен бар. Өткен жылмен салыстырғанда даму әлеуеті жоғары елді мекендердің саны үшеуге ғана көбейген. Кейбір аудандарда дамуы жоғары елді мекендердің орташаға түсуі байқалған. Мәселен, Шал ақын ауданындағы даму әлеуеті жоғарылардың қатарында болған бес ауыл бір сатыға төмендеген. Өз сөзінде Айдарбек Сапаров елді мекендерді дамытудың бір жолы ретінде жаңа өндіріс орындарын ашу қажеттігін атап өтті. Ал бұған қол жеткізуге зор мүмкіндік жасайтын Индустрияландыру картасы аясында үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында жалпы құны 4,4 миллиард теңге болатын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Кей аудандар бірнеше жоба ұсынуда. Бұл ретте Жамбыл және Есіл аудандары белсенділік таныта алмай отыр.

Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшенов әлеуеті төмен алты ауылдың құлдырауының негізгі себептеріне тоқталды. Ерік Сұлтанов бұл мәселелерді шешуде жергілікті басшылар іскерлік танытулары керек деді. Имантау ауылдық округін дамытуда әріптестеріне үлгі болып отырған Любовь Сердюктің айтуынша, бүгінгі таңда оларда гүл және көкөніс көшеттерін өсіретін отбасылық кәсіпкерлік қарыштап дамуда. Үстіміздегі жылы бұл кәсіппен 123 отбасы айналысса, алдағы уақытта олардың саны 200 отбасыға дейін көбеймек. Көшеттер облысымызбен қатар, Көкшетау, Астана, Алматы және басқа қалаларға жөнелтіледі екен.

Ауылдық округте омарташылықпен айналысатын отбасылардың да қатары көбеюде. Осыған орай алынған өнімді сатумен айналысатын “Бал үйін” ашу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Бүгінгі таңда ауылдық округ аумағында 67 жеке кәсіпкерлік жұмыс істейді екен.

Семинар-кеңестің пленарлық отырысының соңында облыс басшысы бірқатар ауылдық округтер әкімдерін адал еңбегі мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады.

Екі күнге созылған семинар-кеңес барысында ауылдық округ әкімдері өңіріміздегі бірқатар өндіріс нысандарын аралап, олардың жұмыстарымен танысты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp