Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы бастамасымен қолға алынған бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамына орай кезекті брифинг өтті. Онда сәулет және қала құрылысы, құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармаларының басшылары атқарылған жұмыстар жайлы қысқаша есеп беріп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына орай әңгіме өрбітті.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Валерий Затай 2013-2014 жылдары 9 аудан орталығының бас жоспарларына түзетулер енгізілгенін, биыл бұл жұмыс қалған аудан орталықтары бойынша жалғасатындығын айта келіп, облыс орталығындағы шараларға тоқталды. Валерий Анатольевичтің айтуынша, басқарма Жеңіс саябағында “Батырлар саяжолын” жасауға үлес қосты. Қазіргі уақытта онда балалар аттракционы, жанға жайлы демалыс, спорттық-сауықтыру аймақтарын орналастыру жұмыстары қолға алынуда. 2016 жылы Петропавлда екі ел Президенттерінің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының ХІІІ форумы өткізілгелі отыр. Соған орай М.Жұмабаев көшесіндегі “Есіл” мейрамханасының қарсысындағы аяқталмаған құрылысты “Достық үйіне” айналдыру жоспарлануда. Онда үлкен мәжіліс залы, ұлттық мәдениет орталықтары, неке сарайы сияқты нысандар орналасады. Оған қосымша құрылыс салу да қарастырылған. Аталмыш жоба бекіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлінгеннен кейін құрылыс қыркүйек айында басталмақ. Петропавл қалалық халықаралық әуежайында жолаушылар терминалын салу да ойластырылуда.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ратмир Ахметов биыл “Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020”, “2015-2019 жылдарға арналған “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламалары бойынша тұрғын үй құрылыстары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар мен аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын баяндады. Бұл мақсатқа 6,13 млрд. теңге жұмсалмақ. Үстіміздегі жылғы ІІІ тоқсанда Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 90 орындық Буденное орта мектебі, Мамлютка орта мектебі, Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, жабық мұз айдыны мен жеңіл атлетика алаңы бар Спорт сарайы, Қызылжар ауданының орталығында 160 орындық дене тәрбиесі мен сауықтыру кешені пайдалануға беріледі.
БАҚ өкілдері Юбилейный көшесіндегі құрылысы аяқталмаған 9 қабатты тұрғын үйдің жағдайына байланысты сауал қойды.
Ратмир Бақытұлы бұл нысанға осыған дейін екі рет сынақ жүргізілгенін, тағы бір рет сынақ жүргізіп, соның қорытындысы бойынша шешім қабылданатындығын мәлімдеді. Кезекті сынақ жүргізуге мердігер ұйымның қаражаты пайдаланылатын болады.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Нұрлан Құрманбеков салынып жатқан құрылыстарға мониторинг және сапасына бақылау жүргізумен айналысатындықтарын, есепті кезеңде 19 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтып берді.
Брифингте “Береке” шағынауданындағы жол құрылысы мен жүргінші жолдарының сапасына, көше жолдары енінің тарлығына байланысты сауалдар қойылып, тиісті жауап берілді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.