«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ұжымы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық интеграция тақырыбында оқыған дәрісін түсіндіру мен талқылауға арналған “дөңгелек үстел” өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысты.

“Жүргізіліп жатқан инновациялық саясат аясындағы инновациялық серпіліс” тақырыбында өткен басқосуға жиналғандар Қазақстанның шет мемлекеттермен іскерлік байланыстары және оны одан әрі дамыту жолында Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясының маңыздылығы туралы ойларын ортаға салып, әңгіме өрбітті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осыдан жиырма жыл бұрын қозғалған еуразиялық интеграция мәселесі оң шешімін табуда. Осындай бірігу еліміздің экономикасы мен әлеуетін көтеруге үлкен септігін тигізіп отырғандығын тілге тиек еткен Фархад Қуанғанов біздің облыстың Ресей Федерациясының 17 аймағымен экономикалық байланыс орнатқанын, соңғы жылдары солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың экспортқа тауар шығару үдерісінің төрт есе өскенін сөз етті. Сондай-ақ, әлемдік дағдарыс өршіп тұрған кезде еліміздің интеграциялық саясатын одан әрі жандандырудың маңыздылығына назар аударған аталмыш жоғары оқу орнының ұстаздары мен студенттері де қалыптасқан жағдайға талдау жасай отырып, ойларын ортаға салды.

Мәселен, Зәуре Қартова Еуразиялық интеграцияның тарихи даму үдерісінің заңды бағыттары жайлы сөз қозғаса, Сергей Пашков интеграциялық жобаларды жүзеге асырудың экономикалық тетіктеріне тоқталды. Ал Айгүл Шерниязова университетте инновациялық дамудың қалай жүзеге асып жатқанын баяндай отырып, жоғары білім беретін мекемеде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жақсы жағдай жасалғанын, бүгінде олардың қоржынында 60 патенттің бар екендігін, өздерінің еліміз бен әлемнің түкпір-түкпіріндегі 67 университетпен байланыс орнатқанын, студенттер біліктілігін арттыру үшін шетелдерге тәжірибе жинауға жиі шығып тұратындарын сөз етті. Студент Гүлмира Танақұлова болса мемлекеттік қолдау арқылы өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың бағыттарына тоқталды. Басқосу соңында ұжым мүшелері өздерін толғандырған сауалдар бойынша да әңгіме өрбітті.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp