Өгей үміт, өгей өмір, өгей күн,
Шетке қақты шер мен шемен мұңымды.
Өзегімді өртеп-өртеп көбейдің,
Өгей бақыт бұрынғы.
Арамызды өгей жылдар арбайтын,
Өбектейтін өкіміне не дейсіз?
Жан-тәнімен жақсы көре алмайтын,
Сіз де маған өгейсіз.
Қамығамын. Мендей қайғы жейсіз бе,
Өгей сезім шақыра алмай сабырға.
Қамыққаннан қайысады дейсіз бе
Қасіреттен сөгілмеген қабырға?
Нұргүл ОҚАШЕВА,
республикалық
жыр мүшәйраларының жеңімпазы.